БҚО әкімі Нұр-Сұлтанда қандай уәде берді?

Оралда салынып жатқан жаңа әуежай жыл соңына дейін қолданысқа беріледі. Облыс басшысы орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте осылай деді. Ғали Есқалиев құрылысы тұралап қалған жолдардың да қашан салынып бітетінін айтып берді. Одан бөлек Жайықтың жайына да тоқталды.

Жайық тартылып барады. Табаны таяздап, арнасы тарылып қалған. Кезінде балығы тайдай тулаған өзенді құтқару үшін арнайы жұмыс тобы құрылыпты. Мамандар тыңғылықты зерттеуге кіріскен. Ал облыс билігі өзегін талдырмау үшін өзен тармақтарын көбейтіп, жағасын бекітіп жатыр.         

Ғали Есқалиев, Батыс Қазақстан облысының әкімі:

- Өзендердің тармақтарын ашып жатырмыз. Кейбір жерлерде жағаларын бекітіп жатырмыз. Яғни өз қолымызда бар мүмкіндіктерді, шараларды қолданып жатырмыз. Ал былай айтқанда, екі елдің арасындағы жұмыс тобының жұмыс нәтижесін күтуіміз керек.

Жайықтың тарылуы тұрғындардың ауыз судан тарығуына себеп болмайды. Аймақ басшысы бірнеше ұңғыма салдық деді. Елді мекендерге керек суды содан алып жатқан көрінеді. Сосын әуежай құрылысына тоқталды. Жыл соңына дейін қолданысқа беріледі деп сендірді.

Ғали Есқалиев, Батыс Қазақстан облысының әкімі:

- Бұрынғы жоба бойынша ескі әуежайды жаңарту қажет болды. Бірақ зеррттей келе ол нысанды сүріп тастап, орнына басқа әуежай тұрғызуды ұйғардық. Құрылыс жоспар бойынша жүріп жатыр. Кейбір материалдар Қытайдан әлі толық жеткізілген жоқ. Бірақ біз жыл соңына дейін әуежайды қолданысқа береміз деп жоспарлап отырмыз. 

Биыл бітуі тиіс болған тағы бір құрылыс бар. Бөкей ордасына баратын жол. Бірақ мердігерлер жұмыстарына салғырт қараған, сосын індет келіп алқымнан алды. Күн райы да қолайсыз болды. Осының барлығы жол құрылысын тұралатып тастады. Бірақ облыс әкімі осы трассаны 2023 жылға дейін салып бітіреміз деді. Оралдан Атырауға баратын жолды да сол жылы жөндеуге кіріседі.

Дастан Сейілханұлы