Елімізде адам саудасына қатысты екі аптада 68 қылмыс ашылды

Елде соңғы екі апта ішінде адам саудасына қатысты 68 қылмыс ашылды.

Ең сорақасы кәмелеттік жасқа толмағандарды сатып-саудалау жайттары тіркеліп отыр. Сондай-ақ адамдарды заңсыз жұмысқа жегу фактілері де анықталған. Бұл туралы Орталық Коммуникациялар қызметіндегі брифингте Ішкі істер министрлігінің криминалдық полиция департаменті бастығының орынбасары Қанат Нұрмағамбетов мәлімдеді.

Полиция қызметкерлері тағы бір жаға ұстатарлық қылмысты әшкерелеген. 28 жастағы Көкшетау тұрғыны 60 жастағы мүгедек жанды қайыр сұрауға мәжбүрлеп түскен табысын өзі алып отырған. Сонымен қатар жезөкшелікпен айналысуға арналған притондарды ұйымдастыру қылмысы да тыйылмай тұр. Санаулы күннің ішінде осындай жайттардың 50-ден астам дерегі тіркелді.

Жалпы жыл басынан бері адам саудасына қатысты 141 қылмыстық іс қозғалды.