Шымкентте 240 заманауи автобус пайдалануға берілді

Сөйтіп Шымкентте қоғамдық көліктің 90 проценті жаңарды, деп хабарлайды Хабар 24.

Жолаушылар тасымалының сапасын арттыратын жаңа көліктерді тапсыру шарасына Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев қатысты. 

Қаз-қатар тізілген қоғамдық көлік бағыттарға бөлініп, жолаушыларды тасымалдауға сақадай сай тұр. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында жолға шығатын автобустар салтанатты түрде табысталды. Мегаполисте 13 тасмалдаушы компания 75 бағыт бойынша халыққа қызмет көрсетеді. Желіге шыққан 240 жаңа автобус 12 бағытқа үлестірілді.

Ержан Жолдасов, қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:

– Бағдарламаның аясында 590 автобус алу керек деген жоспар болған. Ол газ-метанмен жүретін. Оның исі шықпайды. Өте таза кәдімгі газ. Экологияны тазарту мәселесінде негізі метанға өту керек. Сондықтан біздің қалада осындай мәселе бойынша жұмыс істеп жатырмыз.

Жолаушыға жайлы қоғамдық көліктерде қауіпсіздікті қадағалау үшін бейнебақылау камералары орнатылған. Мүмкіндігі шектеулі жандардың қиындықсыз қатынауы үшін пандуспен жабдықталған. Хабарландыру маниторы мен дауыс зорайтқыш, электронды төлем жүйесі мен салқындатқыш орнатылған. Жүргізушіге де, жолаушыға да қолайлы.

Жәнібек Бекболатов, қоғамдық көлік жүргізушісі:

– Жаңа автобустарды жаңа көліктерді бергеннен кейін қазір жүргізушілерге жеңіл болып жатыр. Басқару да жеңіл. Ескі көліктерге қарағанда бұзылмайды. 15 күн істейміз 15 күн демаламыз. Айлық төлемдері жақсы. 200 мыңның арғы жақ бергі жағы.

Шаһар тұрғындары GPS қондырғылармен жабдықталған автобустарды і-Kolik мобильді қосымшасы арқылы бақылай алады. Яғни жиелігі мен аялдамаға келу уақытын көруге мүмкіндік бар. Қоғамдық көлік желісін дамытудың кешенді схемасы аясында іске асырылып жатқан жұмыстарға мемлекеттік хатшы оң баға берді.