Оралда жолаушы тасымалдаушы компанияның паркі 25 жаңа автобуспен толықты

Оралда жолаушы тасымалымен айналысушы «Орал Авто Транс» ЖШС кәсіпорнының паркі 25 су жаңа автобуспен толықты. Мемлекет қолдауымен сатып алған автобустар 5 және 43 бағытта қатынамақ.

Сонымен қатар тәуелсіздіктің 30 жылдығы мерекесі қарсаңында облыстық полиция департаментінің құрылымдық бөлімшелеріне 30 патрульдік көлік берілді.

Жаңа автобустар енді жүктемесі ең көп саналатын «5» және «43» бағыттар бойынша қатынайды. Лизинг арқылы алынған «ЛиАЗ» автобусына 110 жолаушы сыяды. Құны 61 миллион теңге. Ал әрқайсысы 27 миллион теңге болатын «ПАЗ» автобустарының сыйымдылығы 72 жолаушыға есептелген. Барлық автобус бейнекамералармен және кестені бақылап отыратын заманауи құралдармен жабдықталған. Кәсіпорын басшысы әзірге жолақы құнын өсіру жоспарда жоқ екенін айтты.

Қайрат Искаков, «Орал Авто Транс» ЖШС Бас директоры:

- Сараланған тариф бойынша қазір көбейту болмайды, проездің бағасы сол 80 теңге болып қалады. Автобустар уже соответсвуют еврокласқа, ішінде оборудование, инвалидтерді түсіріп мінгізуге специальное оборудование бар аппарель деген, әр автобуста сол оборудование ішінде бар.

Қала бойынша күнделікті 300-дей автобус желіге шығады. Жыл басынан бері олардың қатары 60 жаңа көлікпен толыққан. 27 бағыт бойынша қатынайтын автобустарда электронды билеттеу жүйесі енгізілді. Жолақы құны әзірге өспейді. Бірақ тұрғындар үшін қолма-қол емес, электронды төлем жасаған тиімді болмақ.

Абат Шыныбеков, қала әкімі:

- Биыл біз субсидиялауға бөлінетін қаражат көлемін 2 миллиардқа дейін көтеруге мүмкіндік алдық. Автобус жүйесі деген электронды жүйе іске қосылды. Барлық маршруттарды бақылауға мүмкіндік берілетін болса, екіншіден смарткарталар электронды түрде төлеуге мүмкіндік береді. Жолақы қазіргі таңда 80 теңге. Бірақ электронды төлемді ынталандыру мақсатында қолма-қол енгізу төлемақысын 150 теңгеге көтергіміз келіп тұрған себебі сол. 

Ал учаскелік полиция инспекторларына заманауи құралдармен жабдықталған 30 су жаңа қызметтік көлік берілді. Мақсат – тәртіп сақшыларының мәртебесін көтеру, қоғамдық қауіпсіздікті нығайту. Салтанатты шара барысында полиция қызметкерлеріне «ҚР Тәуелсіздігіне 30 жыл» медалі мен өзге де марапаттар табыс етілді. Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында өңірде осындай игілікті істер жүеге асып жатыр. Осының барлығы сайып келгенде өңір тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға септігін тигізері анық. 

Талғат Серікқалиұлы, Қанат Махмұтов, Елдар Аюпов