Заңсыз ату кесірінен сирек аңдар жазылған қызыл кітап қалыңдап барады

Биыл былтырмен салыстырғанда түз тағысын заңсыз атқандардың саны артқан. Жыл басынан бері мұндай 2 мыңға жуық дерек тіркелген. Осыған байланысты соңғы жылдары қызыл кітап қалыңдап, аң-құстың қатары сиреп бара жатқан көрінеді.

Бүгінгі кейіпкеріміз атын атамауды сұрады. Ол екі елікті заңсыз атқаны үшін күдікке ілініп, сот шешімімен 1 жарым жылға бас бостандығынан айырылды. Алайда кінәсін әлі де мойындамай отыр. Жануарларды жол бойында тауып алдым дейді.

Сотталушы:

- Демалысымды көңілді өткізу үшін достарыммен аң аулауға шығамыз. Аңшылық мен үшін хобби. Орманда жануарды іздеу, нысанаға дәл тигізудің өзі бір өнер десек те болады. Бостандыққа шыққаннан кейін аңшылық жасауды жалғастырамын. Онда тұрған не бар?

Табиғаттың тірі байлығын сақтау үшін қорықшылар сирек кездесетін аң-құсы бар аймақтарды үнемі шолып отырады. Алайда жаза күшейгенімен заңсыз аң аулау тыйылмай тұр, дейді мамандар.

Бақытжан Исахаев, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі комитетінің бас сарапшысы:

- Жануарлардың сирек және жойылып кетуі қауіпі бар деген тізбесі бекітілген. Сол тізбеге жануарларды атуға, аулауға, ғылыми қызметтерден басқа аулауға тыйым салынады. Аталған тізімде жануарлардың 228 түрі кіреді. Осы биылғы 2021 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша. Қазақстан аумағында браконьерлердің қолынан 5 дана қарақұйрықтардың дене тушалары тіркелді. Екі арқар, сұңқылдақ аққудың бір түрі.

Былтыр елде пандемияға байланысты заңсыз аң аулау деректері азайыпты. Ішкі істер министрлігінің өкілдері осылай дейді. Алайда биыл аң-құсты рұқсатсыз атқандардың саны қайтадан артып барады.

Руслан Қаржаспеков, ҚР ІІМ Әкімшілік саясат комитеті басқармасы бастығының орынбасары:

- Заңсыз аң аулаудың алдын алу үшін бірқатар шаралар қолданып жатыр. Биыл аң аулау ережелерін бұзудың 5 мыңнан астам факті анықталып, 80 бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Айта кетейік, екі жыл бұрын Қазақстанда браконьерлерге қатысты қылмыстық жауапкершілік күшейген. Жаңа нормаларға сәйкес, заңсыз аң аулаған азамат 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Ал жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекторларға қарсылық танытып, тіпті күш көрсететіндер 10-нан 15 жылға дейін сотталады.

Әнел Еділқызы, Ерзат Зайытхан