Ақтауда 40 млн теңгеге алынған дауыс ұлғайтқыш тұрғындардың мазасын қашырды

Ақтау көшелерінде кешқұрым классикалық әуен ойнап тұр. Жергілікті әкімдік тәуелсіздік күніне мерекелік көңіл-күй сыйлауды мақсат етіпті, деп хабарлайды Хабар 24.

Алайда кейбір тұрғындардың бұл бастамаға көңілі толмайды. Танышытығымызды алды, жаңғырған әуені мазаны алады,-дейді. Күнде кешкісін Максим Петровтың пәтеріндегі көрініс осы. Қала көшелерінде қосылған классикалық концерт бүкіл бөлмеге естіліп тұр. Сондықтан терезесін ашудан қалыпты. Енді ол үйіне жақын орналасқан дауыс ұлғайқыштың орнын ауыстыруды сұрайды.

Максим Петров, қала тұрғыны:

– Мен 7 шағынаудан 24 үйде тұрамын. Дауыс ұлғайтқыштар дәл үйіміздің алдындағы көшеде тұр. Жұмыстан келгеннен кейін демалып, тыныққымыз келеді. Бірақ тыныштық жоқ. Мазамыз кетті. Музыка тіпті ұйықтатпайды да. Жергілікті әкімдік осылай қосар алдында неге халықтан бір ауыз пікір сұрамады, әлеуметтік желіге алдын-ала жарияласа да айтар едік. Мен қарсымын. Аппараттың орнын ауыстырып, не мүлде өшіріп тастасын.

 2 күн бұрын Ақтаудағы дауыс ұлғайтқыштар арқылы әуезді әуен қосылған болатын. Қала әкімдігі «көше концерті» тұрғындар жұмыстан үйіне қайтып келе жатқанында қойылатынын жариялады. Төтенше жағдай кезінде хабарлама берілетін құрылғы осылайша іске аспақ. Бұл үшін бюджеттен 40 миллион теңге де бөлінген.

Әбілқайыр Байпақов, қала әкімінің орынбасары:

– Жалпы 650 дыбыс күшейткіш орнатылған, теңіз жағалауында, орталық көшелерде. Әр мереке сайын біздерде, Ақтау қаласында көшеде орнатылған дыбыс күшейтікіштер арқылы әртүрлі тұрғындарға мерекелік көңіл-күй сыйлау үшін әртүрлі концерттік бағдарлама қойып тұрамыз. Тәжірибеде бар.

Музыкалардың ішінде Чайковский, Вивальди, Моцарт сынды әлемдік классиктердің шығармаларымен бірге Құрманғазы Сағырбайұлы, Дина Нұрпейісова, Дәулеткерей Шығайұлы мен Маңғыстаудың күйлері де бар. Музыкалық шығармалар күн сайын 18:00 мен 20:00 аралығында қосылады. Бұған қала тұрғындарының пікірі 2-ге бөлінді.

– Бұл маған жағымды. Күнделікті тіршілікте мұндай әуенді естуге қолымыз тие бермейді. Сондықтан кешке қарай музыка тыңдасақ санамыз, миымыз демалады.

–Терезеден тыңдаймыз күнде, мен өзім 8 қабатта тұрамын, терезені ашып, тыңдап, демалып қаламын.

– Музыка қатты ойнап тұр. Тіпті қандай әуен ойнап жатқаны белгісіз. Кешке адам үйінде демалады. Көршілерімнің кішкентай балалары бар, ұйықтай алмайтындарын айтты. Тыныштық керек адамдарға.

 «Көше концерті» әзірге өшірілмейді. Мерекелік күндері қосулы болады. Бірақ үйге жақын орналасқан дауыс ұлғайтқыштың орнын ауыстыруға болады,-дейді жауаптылар.

Ақыл Сағитжанова, «Абай» атындағы МДК баспасөз хатшысы:

– Егер кедергі келтірсе, әркімнің үйінде үлкен кісісі, баласы бар олар «Абай атындағы МДК»-ке келіп өтініш беруге болады. Күнделікті тұрмыс-тіршілігіне кедергі келтірсе, орнын ауыстыруға болады.

Төтенше жағдай кезінде қала ішінде қосылған хабарламаларға да қарсылық танытқандар болыпты. Жауапты мекеме өкілдері осыған дейін шаһардағы 3 дауыс ұлғайтқыштың орнын ауыстырған.

Авторлары: Әйгерім Ашықбаева, Ренат Дүйсалиев