Ұлан-Батырда Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған іс-шаралар өтті

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу аясында Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы Елшілігі Моңғолияны мекендейтін қандастармен бірлесіп бірқатар іс-шаралар ұйымдастырды.

«Идэр» университетінде қазақ тілі, әдебиеті және мәдениеті кабинеті ашылды. Жобаны Қазақстанның Моңғолиядағы Елшілігі «Отандастар» қорымен, «Баян-Өлгий аймағының Ұлан-Батырдағы Жерлестер алқасы» үкіметтік емес ұйымымен және «Идэр» университетімен бірлесіп жүзеге асырды.

Кабинеттің салтанатты ашылуы барысында Қазақстан Елшісі Жалғас Әділбаев «Идэр» университеттің басшылығы мен қандастарға қазақ тілі мен мәдениетін насихаттауға қосқан баға жетпес үлесі үшін ризашылығын білдіріп, кабинеттің тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында қажетті оқу-материалдармен көмектесуге дайын екенін мәлімдеді.

Өз кезегінде Моңғолия Ұлы Хуралының депутаты, Қазақстандық-моңғол парламентаралық тобының мүшесі Булан Бейсен екіжақты байланысты нығайту үшін Қазақстан мен Моңғолия арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың, білім алмасудың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ, ол Елшілігіне және басқа да ұйымдастырушыларға қазақ тілін, әдебиетін және мәдениетін зерттеу бойынша маңызды әрі қызықты жобаны жүзеге асырғаны үшін алғысын білдірді.

Сондай-ақ, тұрақты негізде кабинетте тіл меңгеремін деген адамдарға қазақ тілі сабағы тегін жүргізілетін болады.

«Ел бірлігі» үкіметтік емес ұйымымен бірлесіп Налайх қаласындағы қазақ мәдени орталығында еліміздің тәуелсіздік күніне арналған музыкалық құттықтауды ұйымдастырды. Домбырашылар тобы қазақтың белгілі композиторларының шығармаларын орындады.