Оралда пиротехникалық заттарды заңсыз сатушылар анықталды

Қазір пиротехниканың заңсыз саудасы қызатын кез. Оралда төтенше жағдай қызметі полициямен бірге cауда орындары мен базарларды тексеріп жатыр, деп хабарлайды Хабар 24.

Оқыс жағдайға жиі себепкер болатын жарылғыш заттар әдетте жаңа жылдық мереке қарсаңында көбейеді.

Шыңғыс Бекетов, облыстық ТЖД басқармасының аға инженері:

– Орталық базарды аралап келдік. Бүкіл жерін, точкаларын араладық. Қазіргі кезде азайып келе жатыр. Көбі біледі айыппұл бар екенін. Ішінде порохы бар заттардың бәрі жатады ғой пиротехникалық бұйымдарға. Хлопушки, салют, отшашулар түрлі-түрлі.

От шашуды қызықтаймын деп дене жарақатын алатындар да аз емес. Көбіне балалар зардап шегеді. Заңсыз пиротехникалық бұйымды саудалағандар 25 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейді.

Айсұлу Ғұсманова, қала тұрғыны:

– Мен мұндай заттарды ешқашан сатып алған емеспін. Сатып алмаймын да. Бұл балалардың өміріне аса қауіпті, сондықтан оны жою керек. Жаңа жыл мерекесін онсыз да өз деңгейінде өткізуге болады ғой.

Рейд басталған екі күнде заңсыз пиротехникалық бұйымдар саудасына қатысты 7 факт анықталды. Полиция қызметкерлері осындай сауда нүктелерінің иелеріне бірден әкімшілік хаттама толтырды.

Людмила Соколова, кәсіпкер:

– Былтырдан қалған заттар еді, сатушым байқамай сөреге шығарып қойыпты. Өзім де жаңа байқап жатырмын. Қазір, міне, айыппұл салып жатыр. Енді ешқашан мұндай тауарларды әкелмеймін.

Былтыр облыс орталығында заңсыз пиротехникалық өнімдерді саудалаған 15 кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты. Екі кезеңнен тұратын бұл жолғы рейд нәтижесі мереке күндерінен кейін анықталады,– дейді ұйымдастырушылар.

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Қанат Махмұтов, Елдар Аюпов