Жаңаөзендегі митинг: 19 жанар-жағармай станциясы картельдік сөз байласуы мүмкін

Батыстағы 19 жанар-жағармай станциясы газ бағасына картельдік келісім жасаған болуы мүмкін. Бұл ауыр қылмыс саналады. Сондай-ақ елдегі 5-6 компания бағаны негізсіз көтерген. Бұл туралы бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің басқарма басшысы Қуат Асамбеков айтты. Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр, деп хабарлайды Хабар 24.

Маңғыстау облысындағы әлеуметтік-экономикалық ахуалды қарау жөніндегі комиссияны премьер-министрдің орынбасары басқарады. Ертең таңертең Ералы Тоғжанов, энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев, бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин Ақтауға барады.

2019 жылдан бері Маңғыстау облысында газға көшкен көлік саны 2 есеге өскен. Қазір көліктердің 70-90 проценті газбен жүреді. Энергетика министрі келтіргендей, Маңғыстау облысының сұранысы Қазгаз зауыты мен Атырау мұнай өңдеу зауыты есебінен өтеледі. 2021 жылдың 20-25 желтоқсанында өткізілген сауда қорытындысы бойынша Қазгаз өңдеу зауытынан сатып алу бағасы тоннасына 130 684 теңге немесе, литріне 77 теңге, ал Атырау мұнай өңдеу зауытынан тоннасына 109 872 теңге, яғни литріне 65 теңгені қамтыды.

Мағзұм Мырзағалиев, ҚР энергетика министрі:

- Логистикалық шығындарды ескере отырып, Маңғыстау облысының бекеттері үшін газдың өзіндік құны тоннасына 136 мың 723 теңге, немесе 80 теңге шегінде қалыптасты. Маңғыстау облысындағы ағымдағы бөлшек бағасы литріне 100-ден 120 теңгеге құрайды. Сәйкесінше газ станцияларының маржасы литріне 20-40 теңгені немесе 25-тен 50 пайызға дейні құрап отыр. Бұл бізге осы станциялардың арасында мүмкін болатын баға алып-сатарлығы туралы болжам жасауға негіз береді.

Батыстағы 19 жанар-жағармай станциясы картельдік сөз байласуы да мүмкін. Оған қоса, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі өкілінің келтіргендей, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында бағаны негізсіз көтергені анықталды. Қазір бұл деректер бойынша тергеу жүріп жатыр. Әзірге бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында жанар-жағармай құю стансалары бағаны 85-90 теңгеге дейін түсіруге шешім қабылдады. Бірақ бұл бағаны қашанға дейін ұстамақ деген сауалға энергетика министрі былай деп жауап қатты.

Мағзұм Мырзағалиев, ҚР энергетика министрі:

– Біз егер мына саланы дамытамыз десек, сонымен қатар осы салаға инвестиция әкелеміз десек, қолданыстағы зауыттарды осы қалыпта ұстап тұрамыз десек, әрине, онда газдың бағасын арзандатуға болмайды. Бұл бүгінде станциялардың қожайындарының бастамасы. Бұл әлеуметтік бастама. Яғни 100-120 теңгеден 85-90 теңгеге дейін азайту. Біз осындай бастаманы тек қана қолдауымыз керек деп ойлаймын.

Ішкі нарықты газбен қамту үшін алдымен зауыттардың инвестициялық тартымдылығын арттыру керек. Өкініштісі сол, бұл сала әзірге ешкімге қызық емес. Себебі мынада:

Олжас Бәйділдинов, мұнай-газ саласының сарапшысы:

- Шамамен 2014-2016 жылдары бізде сұйылтылған газдың литрі 50 теңгені құраған еді. Доллар бағамы бойынша 27 цент деңгейінде болды. Егер қазіргі 115 теңгені ағымдағы бағамға шақсақ, онда қайта сол 27 центті аламыз. Демек, осы 10 жылдың ішінде доллар шамасындағы бағасы еш өзгермеді. Ал инвесторларға қайтарым ең алдымен шетелдік валютада болғаны жөн. Екіншіден, мұнай-газ саласында доллардағы өзіндік құны өте жоғары. Тіпті металл өндірісін алсақ та, өзіндік құн әлемдік бағаға тәуелді. Сондықтан теңгедегі баға өссе де, доллардағы құны өзгермеді, тіпті құлдырады деуге болады.

Мағзұм Мырзағалиев айтуынша, қазір газ өндірісін инвестициялық тұрғыдан тартымды етудің жолдары қаралып жатыр. Былтыр сұйытылған газды тұтыну 1,6 млн тоннаға дейін өскен. Ал ұлғайып жатқан өндіріс жоқ. Тозығы жеткен зауыттардың жиі жөнделуі оның тіптен төмендеуіне әкеп соқты. осыған қарамастан елдегі баға салыстырмалы түрде ең төмен саналады. Мамандардың айтуынша, осының салдарынан елдің қажеттілігіне арналған газ шетке цистерналармен заңсыз тасылып, тапшылықты туындатып отыр.

Бақыт Топтаева

Сондай-ақ...