Ерлан Тұрғымбаев жаппай тәртіпсіздікке қатысты мәлімдеме жасады

Ішкі істер министрінің міндетін атқарушы Ерлан Тұрғымбаев жаппай тәртіпсіздікке қатысты мәлімдеме жасады.

2 қаңтар күні батыста басталған бейбіт шеру қалайша тұтас елге жайылған бассыздыққа ұласты?

2 қаңтар күні Маңғыстау облысында тұрғындар шеруге шықты. Бұған газ бағасының қымбаттауы себеп болған еді. Олардың үніне құлақ түру мақсатында Премьер-министрдің орынбасары Тоғжанов бастаған үкіметтік комиссия сол жаққа жетті. Газ бағасын төмендету талабы орындалатынын жеткізгенімен, шерушілер тобы тағы да талап қоя бастады. Комиссия нақты ұсыныстар ұсынғанымен, ешқайсысы қолдау таппады. Бұл кезде облыс орталығы мен аудандардағы шеруші топтарға мұнайшылар да қосылды.

Ерлан Тұрғымбаев, ҚР ішкі істер министрінің міндетін атқарушы:

– Нәтижесінде әуе және теміржол рейстері тоқтап, аумақтың тіршілігіне қауіп төнді. Шеруге шыққандар билік өкілдері мен құқық қорғау органдарының өкілдеріне қарсылық көрсете бастады.

Олар полицейлердің қоғамдық тәртіпті бұзбау туралы ескертуіне бағынбады. Қызметтік көліктерге зақым келтірді. Әкімдік және полиция ғимаратын қоршауға алды. 

Ерлан Тұрғымбаев, ҚР ішкі істер министрінің міндетін атқарушы:

- 4 қаңтарда бірнеше аймақта 500-ден 4 мың адамға дейін жиналды. Олар ескертуге қарамастан, әкімдіктерге қарулы шабуыл жасай бастады. Атырау, Қызылорда, Алматы, Ақтөбе, Жамбыл облыстары мен Семей қаласының әкімшілктеріне және бірқатар құқық қорғау органдарының ғимаратына басып кірді.

Ал Алматыдағы ахуал тіптен ушықты. Көліктерді өртеп, әкімдік ғимаратын басу әрекетіне көшті. Ескере кететін жайт, олардың тарапынан нақты талап қойылмады, келіссөздер жүргізуге келіспеді. Осы кезде заңсыз шеруді тоқтату бойынша полиция тиісті шараны қолға алды. Бірақ топтар полиция жасақтарын шабуылдай бастады. 7 бірдей қару сататын дүкенді басып алып, қару-жарақ, оқ-дәріні талап алып кетті.

Ерлан Тұрғымбаев, ҚР ішкі істер министрінің міндетін атқарушы:

– Қоғамдық көліктер мен коммуналдық техникаларды тартып алып, полиция қызметкерлерін таптауға әрекеттенді. Қарудан оқ атты, өрт сөндіру және қызметтік көліктерді өртеді. Жедел жәрдем көліктеріне шабуыл жасап, оқиға орнына жібермеді. Қала әкімдігі мен телеарна ғимараттарына бірнеше рет шабуыл жасады. Бірақ полиция мен әскерилердің сауатты іс-әрекетінің арқасында ғимараттарды басып алуына жол берілген жоқ.

Ал 5 қаңтарда 20 мың адам қала әкімдігін басып алуға әрекеттенді. Көшедегі бейбіт тұрғындар мен полицейлерді соққыға жығып, оқ жаудырды. Сауда орталықтарын тонап, банкоматтарды қиратып, ломбардтардағы бағалы заттарды қолды қылды. 800 қылмыскер халықаралық әуежайды басып алды. Салдарынан 56 рейстің қонуы мен 60 рейстің ұшуы тоқтатылды.

Ерлан Тұрғымбаев, ҚР ішкі істер министрінің міндетін атқарушы:

– Олардың кәсіби дайындығы жоғары, іс-әрекетінде тәртіп пен ұйымшылдық бар екені байқалды. Мақсатты түрде бейнебақылау камераларын қиратып, жол қозғалысын тоқтатып, бақылаушылар қойылды. Іс-қимылдарын үйлестіру үшін радиостанцияны пайдаланған.

6-7 қаңтарда Тараз және Талдықорған қалаларында қауіпті қылмыскерлер отырған тергеу изоляторларына содырлар бірнеше рет қарулы шабуыл жасады. Бірақ полицейлер оларға төтеп берді.

Ерлан Тұрғымбаев, ҚР ішкі істер министрінің міндетін атқарушы:

- Алматы, Жамбыл, Қызылорда облыстары және Шымкент қаласы полиция департаменттеріне қару-жараққа қол жеткізу мақсатында шабуыл жасады. Ал Алматы қаласында полиция департаменті және үш аудандық полиция бөлімшілерінде басып кіруге тырысты. Сондай-ақ қару-жарақтар мен әскери техникаларға қол жеткізу үшін қорғаныс министрлігінің әскери бөлімдерге, блокпосттарға шабуыл жасады.

Елде жаппай тәртіпсіздік орнағалы 400 көлік жойылды. Оның 346-сы құқық қорғау органдарынна тиесілі еді. 100-ден аса банк пен сауда орындары тоналды. Бұрын-соңды болмаған мұндай бассыздықты тоқтату үшін Мемлекет басшысы төтенше жағдай жариялап, коменданттық сағат енгізді. Қазіргі таңда лаңкестікке қарсы күрес операция жалғасып жатыр. Жағдай тұрақталғанымен, қауіптің беті әлі қайтқан жоқ. Сол себепті ішкі істер министрлігі қазақстандықтарды барынша сақтанып жүруге, әрі күдікті жағдайларға куә болса, дереу полицияға хабарлауға шақырады.