Шымкентте антитеррорлық операция жалғасып жатыр

Шымкентте антитерорлық операция кезінде қару асынған бір топ жігіт қолға түсті.

Одан бөлек полицейлер коменданттық сағат талабын орындамай, төтенше жағдай режиімін бұзғандар анықталды. Автокөлікті тінтіп, жалдамалы пәтерді тексеру кезінде атыс қаруы мен оқдәрі тәркіленді. Сондай-ақ жедел іс-шара кезінде жалдамалы пәтерден лаңкестік әрекетке қатысы бар деген күдікпен 1995 жылы туған Алматы облысының тұрғыны мен 1991 жылы туған Түркістан облысының тұрғыны ұсталды. Олардың пәтерін тінту кезінде оқдәрі мен әртүрлі маркалы 42 дана ұялы телефон табылды. Тағы 4 дана ноутбукты қолды қылғаны анықталды. Қазір қылмыстық іс қозғалып, тергеп-тексеру жұмыстары жүріп жатыр.

Ералы Жұмаханбетов, қала коменданты:

- Күдіктілерден 6 патроны бар 16 мм калибрлі тұмсығы кесілген қару, 5 жауынгерлік патроны бар 9 мм жауынгерлік калибрге қайта жасалған 1 травматикалық тапанша, 7,62 мм калибрлі 67 жауынгерлік патрон және 5,45 мм калибрлі 3 жауынгерлік патрон тәркіленді. Барлық қозғалған қылмыстық істер бойынша жаппай тәртіпсіздіктердің 52 қатысушысы уақытша ұстау изоляторына қамалды.