Атырауда 49 полиция қызметкері мен 27 сарбаз зардап шекті

Атырауда жаппай тәртіпсіздік кезінде 49 полиция қызметкері мен 27 сарбаз зардап шегіп, тәртіп сақшыларының 7 көлігіне залал келді, деп хабарлайды Хабар 24.

Қазір облыстық ауруханада жатқан 7 науқастың екеуі құқық қорғау саласының қызметкері. Ақ халаттылардың сөзінше жағдайлары қалыпты.

Жаппай тәртіпсіздік басталған күні 62 адам жарақат алып, облыстық ауруханаға түскен. Оның 42-сі құқық қорғау саласының қызметкері. Ал зардап шеккен басқа тәртіп сақшылары жарақатына қарамастан қызметтерін жалғастырыпты. Қазір облыстық ауруханада ем алып жатқан екі тәртіп сақшысының жағдайы бір қалыпты.

Ербол Иманғалиев, облыстық аурухананың бас дәрігері:

– Қазіргі таңда ауруханада 7 науқас бар. Оның ішінде екеуі – әскери адамдар. Олардың жағдайлары қалыпты. Жансақтау бөлімінде жатқан жоқ.

Тәртіп сақшылары әлі күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Коменданттық сағат тәртібін бұзғандар да полиция қызметкерлерінің назарында. Бүгінге дейін заңбұзушылықтың 73 дерегі тіркелген. Қаланың кіреберісіне орнатылған блок-бекеттер де өз жұмыстарын қалыпты атқарып жатыр.

Әлібек Қайыров, облыстық ПД ЖПҚ басқармасының бастығы:

– Мұнда жеке құрам толығымен Қорғаныс министрлігімен күшейтілген қызмет атқаруда. Қазір бізде толықтай автокөлікті тексеру, заңсыз қару не басқа заттарды алып өтпеу мақсатында осы бағыттағы жұмыстарды атқарып жатыр. Бүгінде осы аумақтарда атқарып жатқан құқық тәртібін бұзу немесе бағынбау фактілері орын алған жоқ.

Қазір өңірде стратегиялық маңызы бар нысандар күштік құрылымның бақылауында.

Айта кетейік, бүгін атыраулық тәртіп сақшылары қаза болған әріптестерін 1 минут үнсіздікпен еске алды.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин