Ақтөбе облысы әкімдігінің ғимаратына шамамен 300 млн теңге шығын келді

Жаппай бүлік кезінде Ақтөбе облысы әкімдігі ғимаратына келген шығын көлемі 300 миллион теңге шамасында болып тұр.

Бұл алдын ала жасалған есеп. Арнайы комиссия қираған мүлік пен ұрланған кеңсе техникасының тізімін әлі есептеп жатыр.

Естеріңізге сала кетсек, Ақтөбеде болған оқиға салдарынан тек бір ғимараттың іші қирады. Нысанға кірген лаңкестер есік-терезесін сындырып, ішіндегі жиһаз бен компьютер сияқты бұйымдарды істен шығарған. Шығын жергілікті бюджет есебінен өтелетін болады. Қазір өңірде тергеу жұмыстары жүргізіліп, бүлікке қатысы бар деген адамдар анықталып жатыр. Ұсталғандардың арасында орталық алаңға тас жеткізген КамАЗ жүргізушісі мен полицейлерді көлікпен таптамақшы болған тұрғын бар. Облыстық әкімдік ғимараты әлі де тәртіп сақшыларының қоршауында. Сондықтан Абылқайыр хан даңғылының бір бөлігі жабық. Облыс әкімі санаулы күн ішінде бұл жерде де қозғалыс қайта жандауы тиіс деп мәлімдеді.

Оңдасын Оразалин, облыс әкімі:

- Қазіргі уақытта облысымызда ахуал тұрақты. Барлық тіршілікке қажетті нысандар, қоғамдық көліктер штаттық режимде жұмыс жасауға кірісіп жатыр. Сондай-ақ сауда, ірі өндіріс кәсіпорындары және қаржы мекемелері өз жұмыстарын жандандырды.