COVID-19: Астана мен Алматыда қатаң шектеулер енгізілді

Елдегі эпидахуал нашарлап барады. Індет жұқтыру дерегі бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Бір күнде 10418 адамнан коронавирус анықталды. Мамандар бұл көрсеткіш әлі артуы мүмкін екенін айтады. Себебі омикронның таралу жылдамдығы өте жоғары. Осыған байланысты елорда мен Алматыда бірқатар қатаң шектеулер енгізілді.

Ауырғандардың көбі Нұр-Сұлтан қаласынан тіркеліп жатыр. Бүгіннің өзінде 5548 бас қала тұрғынынан осы дерттің бары анықталған. Ал Алматы екінші орында тұр. Онда бір тәулікте 1115 адам вирус жұқтырыпты. Өршіген ауруды ауыздықтау үшін бас дәрігерлер жаңа қаулы қабылдап, уақытша бірқатар шектеу енгізіп жатыр. Ертеңнен бастап Алматы бойынша қоғамдық орындарға тек жасыл статусы барлар ғана кіре алады.

Қарлығаш Әбдіжаббарова, Алматы қаласының бас санитарлық дәрігері:

- Қаулыда бірқатар шектеу бар. Ashyq жобасына қатысатын нысандарда 30 адамға дейiн ас беру рәсімін қоспағанда ашық аспан астында да, үй-жайлар ішінде де мерейтойлық іс-шараларды өткiзуге тыйым салынады. Сонымен қатар көпшілік қоғамдық орындар, спорттық-сауықтыру орталықтары, фитнес, йога, монша, сауна, бассейндерге ертеңнен бастап тек Ashyq қосымшасында «жасыл» мәртебесі барлар ғана кіре алады.

Қазірдің өзінде 11 өңір эпидемиологиялық ахуал бойынша "қызыл" аймақта тұр. Мамандар Елордада тәж тажалдың тіпті өршіп тұрғанын айтып дабыл қағып жатыр. Сондықтан бас санитарлық дәрігер Ashyq жобасына қатысқанына қарамастан концерт залдары, филармониялар, театрлар, кинотеатрлар мен  цирктердің жұмысына тыйым салды. Сондай-ақ, мешіттер мен шіркеулерде діни жоралғылар өткізуге шектеу қойылды. 

Ержан Байтанаев, ҚР ДСМ Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі:

- Өңірлердің көбі қызыл аймаққа еніп тұр. Сондықтан эпидахуал бұл өңірлерде өте ауыр деген сөз. Бас санитарлық дәрігердің қаулысы шықты. Сондықтан мемлекеттік органдар, ұлттық компаниялар, басқа да органзациялардың барлығының қызметкерлерінің 70 пайызы қашықтан жұмыс істеуге көшірілу керек.  

Мамандар наурызда короновирус шарықтау шегіне жетеді деп болжап отыр. Әсіресе, Омикрон штамының өте жылдам тарайтынын айтып отыр. жаңа вирустың таралуы «Дельта» штамына қарағанда 5 есе жоғары. Сондықтан сақ болған жөн. ПТР-тестің оң нәтижесі барлар мен науқаспен жақын қарым-қатынаста болғандарға 14 күнге оқшаулану режимін сақтау маңызды.

Айнұр Қуатқызы