Петропавлда «аңсаған сәби» дүниеге келді

Бір сәбиге зар болып жүрген талайдың сұрағаны болды. «Аңсаған сәби» бағдарламасы талай шаңырақты шаттыққа бөлеп жатыр. Соның бірі Петропавлда. Мұнда осы бағдарламаның арқасында алғашқы шақалақ дүниеге келді. Петропавлдық Айнагүл Тәжібаева 12 жылдан кейін ана атанып отыр.

Айнагүл Тәжібаева үшін сәби сүю қол жетпес арман болып көрінген еді. Нәрестелі боламын деп талай емхананың табалдырығын тоздырған. Бірақ емі нәтижесіз болғандығын айтады. Дегенмен ешқашан үмітін үзбеді. Арада он екі жыл өткеннен кейін тұңғышын дүниеге әкелді. 37 жастағы ананың бесік тербетуіне «Аңсаған сәби» бағдарламасы ұйытқы болды.

Айнагүл Тәжібаева, қала тұрғыны:

– Салмағы 3 келі, 390 грамм. Бойы 54 сантиметр. Дәрігер: «Баланың да, менің де денсаулығым жақсы», – деді. Қуанышымызда шек жоқ. Үйде ата-әжелері күтіп отыр. Бұл олардың алғашқы немересі. Барлық қыз – келіншектерге ана бақытын сезінуді тілеймін. 

Осылайша Тәжібаевтар отбасының шаңырағы шаттыққа кенелді.  Тұңғышына Ясмина деп ат қойған.  Енді сәтін салса, бірер күнде үйіне оралады.

Жалпы «Аңсаған сәби» бағдарламасы перзентке зар болған талай жанұяның үміт отын жақты. Былтыр өңірге 217 квота бөлінген болатын. Олардың барлығы игерілді.

Виктор Проценко, репродуктолог:

– 217 әйелдің 105-і бала көтерді. Қазір олар дәрігерлердің жіті бақылауында. Тағы бес азаматша нәтижесін күтуде. Бұрындары облысқа бар жоғы 30-дан астам квота бөлінетін. Ал биыл бұл көрсеткіш шамамен 240-қа дейін артады деген жоспар бар.

Мамандардың айтуынша, былтыр өңірде жасанды жолмен бала сүюге екі мыңға жуық отбасы ниет білдірген екен.

Самат Қайырденұлы, Руслан Әлиев