«Арселор Миттал Теміртау» кәсіпорыны спорт мектебіне қажетті жабдықты сыйға тартты

Қарағанды облысындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі қажетті жабдықтармен қамтылды. Заманауи құралдарды «Арселор Миттал Теміртау» кәсіпорыны тарту етті. Кезінде дәл осы мектептің қабырғасында атақты қазақстандық бокс шеберлері жаттыққан. Соған алғыс есебінде компания демеушілік қолдау білдіруді жөн санапты.

Бұқаралық спорт – ұлт денсаулығының кепілі. Сондықтан елімізде балалар мен жасөспірімдерді жастайынан спортқа баулуға ерекше мән беріліп отыр. Бұл іске «Арселор Миттал Теміртау» кәсіпорыны да атсалысып келеді. Мекеме Абай қаласындағы еліміздегі үздік спорт мектебінің бірін жабдықтауға демеушілік көмек көрсетті. 

Әлібек Ижанов, Абай ауданының мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры:

- Арселор Митталға көп рахмет айтамыз. Біздің балаларымыз қуанып қалды. Алғысымыз шексіз. Бүгінгі әкелгені өте сапалы, өте жақсы екен. 

Кезінде осы жаттығу залында атақты Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев шыныққан. Оның бапкері Александр Стрельников, күні бүгінге дейін  болашақ чемпиондарды тәрбиелеуге айналысады. Тәжірибелі маман, заманауи құрал-саймандарға дән риза. 

Александр Стрельников, ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы:

- Балалардың бокспен шұғылдануына арналған құрал-саймандар үшін Арселор Миттал кәсіпорнына алғысымыз шексіз. Бізде жаттығуға арналған және жарыс кезінде киетін бокс қолғаптары бар. Олар өте сапалы әрі қымбат. Кәсіпорын бізге соларды тарту етті. Балалардың қуанышында шек жоқ. Қазір елдегі төтенше жағдай режиміне байланысты жаттығу әзірге тоқтап тұр. Бірақ балалар жаңа құрал-саймандармен шынығатын күнді асыға күтіп жүр.

Отандастарымыздың әлемді аузына қаратқан спорттағы жетістігі кез келгеніміздің кеудемізде мақтаныш сезімін ұялатады. Бұл ретте Абай қаласындағы спорт мектебі талай рет көк туды көкте желбіреткен атақты спортшыларды тәрбиеледі. Сондықтан бұл демеушілік көмек алғыс есебінде, дейді кәсіпорын басшылығы.

Назерке Әбдірахманқызы