Тығылып қонаққа баруды доғару керек – Е.Тоғжанов

Елде коронавирусқа қарсы 5 млн дозадан аса вакцина бар. Ендігі міндет тез арада екпе салдырып, ревакцинациядан өту. Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов халықты дендеп тұрған дертке бей-жай қарамауға шақырды.

Омикрон штамы өте жұқпалы. Ол жас талғамайды. Әрі тез тарайды. Бүгінде Еуропа халқының тең жартысы жұқпалы індетке шалдыққан. Елімізде де эпидахуал кейінгі 2 аптада өршіп кетті. Қалыптасқан қоғамдық иммунитетті сақтап қалу үшін жылдам ревакцинация жасау керек. Сонда ғана өлім-жітім көрсеткішін 70 пайызға дейін азайта аламыз. Бұл ретте тығылып қонаққа баруды доғару керек, дейді Тоғжанов. 

Ералы Тоғжанов, ҚР премьер-министрінің орынбасары:

– Біз қазір өзімізге де және айналадағы жақындарымызға да жанашыр болуымыз керек. Короновирус зардабынан 2 жыл ішінде 18 мыңнан аса азаматтарымыздан айырылып қалдық. Бейбіт күнде арамыздағы ардақтыларымызды жоғалтқанымызды естен шығармаған абзал деп ойлаймын. Қаталдау естілсе де, айту керек. Бұл жағдайға өзіміз кінәліміз. Тығылып қонаққа бару, ресторанның артқы есіктерінен жасырынып кіріп той жасау, маска тағуды қажет деп санамау, санитарлық талаптарды қабыл көрмеу сияқты әрекеттеріміздің арқасында қаншама азаматтарымыз қайтыс болып кеткенін өздеріңіз де жақсы білесіздер.