Алматы ломбардтарына келген шығынды өтеу әзірге қаралмайды

Бұл туралы онлайн брифинг барысында Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ілияс Өсеров мәлім етті.

Өңірлік орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қала әкімінің орынбасарынан Алматыдағы тәртіпсіздік кезінде тоналған ломбардтар туралы сұрады.

Спикердің айтуынша, ломбардтарға келтірілген шығын мәселесі қаралды, бірақ әзірге өтеу шарасы қарастырылмайды. «Ломбардтарға келетін болсақ, бұл мәселе «Атамекен» базасында да қаралды. Қазіргі уақытта ломбардтарға келген шығынды өтеу шарасы қарастырылып жатқан жоқ»,– дейді Ілияс Өсеров. Бұған дейін ол Алматыда жаппай тәртіпсіздік кезінде зардап шеккен кәсіпкерлердің шығыны қалай өтелетінін айтқан болатын.

Айта кетейік, Алматыда жаппай тәртіпсіздік кезінде келтірілген шығынның жалпы сомасы 95 млрд теңгеден асады.