Дала кезген түз тағысы жоғалып барады  

Далада көкбөрі азайып, шибөрі көбейді. Біреулер ұран қылып, енді біреудің құтын қашырған түз тағысы жоғалып кетсе не болады? Жыртқыш болған соң қасқыр  даладағы аң-құстан бөлек, қорадағы малды да тартып кетіп жатады. Тіпті жалғыз-жарым адамға да шабады. Бірақ оның азайғанына аңшы да, экологтар да алаңдаулы, деп хабарлайды Хабар 24.

Шыңғыстаудан бастап Ұлытауды асып, Торғай, Ақтөбеге дейінгі жерді алып жатқан байтақ Сарыарқада ит-құс азайды. Тау тасты сағалап, болмаса ауып келген бірді-екілі бұралқысы болмаса, әуегімен жүрген қасқыр жоқ. Азулысы кеткен соң даланы шибөрі жайлаған. 

Төлеген Жаманов, аңшы, айтыскер ақын:

– Қазір шибөрі деген пайда болды.Шибөрі деген арқаның аңы емес-тін. Қазір осы өңірлерде бар. Ол нені білідреді? Ол арқа даласындағы арландардың, арқа даласының негізгі қожайынының кетіп қалғаннан кейін солардың мекеніне шибөрілер пайда болды. Олардың келгеніне де 7- 8 жыл болып қалды

Ит-құс ресми дерек бойынша қазір Ақмола, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар облысында сирек ұшырасады. Жалпы түз тағысының қатары кейінгі 10 жылдың шамасында 40 процентке кеміген.

Сәкен Ділдахмет, экология сарапшысы:

– 2010 жылдары елімізде қасықырдың саны 26700 бастан асса, бүгінгі күні мынау 2021 жылығы санақ бойынша елімізде 14408 ғана бас қасқыр бар.

Қасқыр осы даладан қорек тауып қана қоймайды, табиғаттың тепе-теңдігін сақтап тұрған санитары іспетті. Киік, арқарды талғажау еткенмен, олардың өсіп-өнуіне де тікелей себепкер осы көкбөрі дейді аңшылар. 

Төлеген Жаманов, аңшы, айтыскер ақын:

– Неге ол арқарлардың көбеюіне себепкер болады десек, арқарлардың қартайған құлжалары жас аналықтардың бәрі үйіріне алып бермейді екен жастарға, бірақ өзінің бәрін ұрықтандыруға барылығын қашыруға шамасы келмейді. Барылғын иіріп ұстап, қысыр қалатыны көп болады екен. Ал сол жаңағы қасықырлар осылардың кәрі құлжаларын мүйізі үш оралып кеткен әбден қажығандарын барылғын қыста алып қалады екен. Сөйтеді екен де барылғы төлдеп шығады.

Қасқыр азайған өлкеде оны атуға рұқсат жоқ. Тек малға, адамға шапса ғана соңына түсуге болады. Ол үшін ресми орындар лимит бөледі. Биылдыққа түз тағысы көп аймақтарда  4860 қасқырды атуға рұқсат берілген. Ал Экология министрлігі қасқыр азайғанмен, жойылып кетпейді деп сендіреді.

Олжас Беркінбаев, ҚР ЭГТРМ қоғаммен байланыс департаментінің басшысы:

– Қасқыр өте өзгермелі түр және климаттық-географиялық жағдайларға байланысты сондай-ақ азығына байланысты оның популяциясы айтарлықтай өзгеріп отырады. Сонымен бірге қасықырларды реттеуге тыйым салынбаған.Қасқырлар саны күрт азайған жағдайда экология министрілгіне қарасты орман шаруашылығы және жануаралар дүниесі комитеті тиісті шараларды қабылдайтынын хабарлаймыз. 

Кезінде сайын далада киік азайып, кейін қайта көбейе бастады. Тек осы жануардың басым бөлігі арқадан ауып, өзге аймақтарға қарай ойысқан. Оқтын-оқтын табынымен қырылып қалатын кездері де бар. Мұны мамандар пастереллоз дерті деп түйген еді.

Төлеген Жаманов, аңшы, айтыскер ақын:

– Сонда осы аурулардың бірін естімеген ғой бұрынғы аңшылар. Ол ауру қайдан келді сонда? Жаңа ғасырмен келген жоқ қой. Ол ауру бұрынннан бар. Қасқыр қалай кетті, қазір бірнеше дала жануарының, дала хайуанының әр жерден оқтын-оқтын аурулардың бой көрсетуі тікелей қасқырлардың кетуіне байланысты деп ойлаймын

Сасық күзен, мәлін, шибөріге мекен болып қалған байтақта көкбөрі жортқан деп енді кім айтады? Қасқыр осы даланың иесі ғана емес, киесі де еді дейді аңшылар. Сондықтан оның да бар-жоғын түгендеп, қарауға алатын кез жеткен тәрізді.

Авторлары: Арман Әмен, Ардақ Асылханұлы, Наргиз Бекмағанбетова