Алматыда бүлікке қатысты қамалған 36 адам босатылды

«Аманат» қоғамдық комиссиясы Алматыда атқарған бір апталық жұмыс қорытындысын жариялады.

«Аманаттың» араласуымен бүлікке қатысты деп айыпталған 36 азамат қамаудан босатылды. Олардан тергеу ісі аяқталғанша ешқайда кетпеу жөнінде қол хат алынған. Қаңтар оқиғасында бейбіт шеруге шығып, түрлі жағдайға ұшыраған адамдарды анықтауды мақсат еткен комиссия прокуратурамен тығыз жұмыс істейді. Қазір Алматыда бүлікке қатысы бар деп күдікке ілінген 280-ге жуық адам тергеліп жатыр. Олардың арасында жаралылар, әйелдер мен кәмелет жасына толмағандар да бар. Тергеу аяқталғанша оларды қамаудан босату керек, - дейді заңгерлер. Сондай-ақ ұсталғандарды азаптады деген айыппен 12 тәртіп сақшысына қатысты қылмыстық іс қозғалған. Заңгер Абзал Құспан «Аманаттың» атын жамылып, тергеу изоляторында отырғандардың туыстарына көмектесеміз деп жүрген арам пиғылды топтың пайда болғанын айтып, ондай алаяқтардың арбауынан сақ болуды ескертті. Алдағы күндері комиссия жұмысын Талдықорған қаласында жалғастырады.  

Абзал Құспан, «Аманат» қоғамдық комиссиясының төрағасы:

- Осы күні бүгін шығарған 36 адамның басым бөлігі сол жаралылар құрайды. Бірақ та тағы да біз шығарғымыз келіп берген ұсынысымыз бар. Бізде жұмыс қалай жолға қойылған. Ең бірінші жаралылардың тізімін алып, олардың істерімен танысып, олармен жеке жүздескеннен кейін прокуратураға ұсыныс береміз. Мына азаматтарды бас жазасын өзгерту керек. Үй жағдайында емделуге жағдай жасау керек деп. Олар прокуратура органдары тергеушілер қолындағы материалдарды алдыру бойынша алдыртады. Одан кейін бірге отырып тағы да талқылаймыз.