Ақтөбеде пікірсайыс турнирі өтті    

Пікірсайыс Ақтөбелік студенттер арасында өткізілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шараға қаладағы барлық жоғары және арнаулы білім беретін оқу ордаларының өкілдері қатысты. Орақ ауыз, от тілді 50-ге жуық бозбала мен бойжеткенге 7 резолюция ұсынылған. Дінмұхаммед Қонаевтың еңбек жолы мен тәуелсіз Қазақстанның тарихы, экономикалық жетістіктер мен ішкі-сыртқы саясаттың ерекшеліктері сияқты тақырыпта пікір алмасты. Бұл ашық форматта ұйымдастырылған биылғы алғашқы турнир. Келесі пікір-сайыс кездесуінде аудан жастары да тартылады. 

Аманжол Қаниев, «Заман біздікі» пікірсайыс клубының президенті:

– Турнирге бізде тек жаңадан келіп жатқан пікірсайысшылар емес, бұрыннан ойнап жүрген, яғни республикалық пікірсайысшы да, жаңадан келген пікірсайысшы да – барлығы өздерінің ойларын осы пікірсайыс алаңында салып жатқан жайы бар. Осы турнирді ұйымдастырудағы мақсатымыз –  жастар арасында сыни ойлау, креативті ойлау сияқты қасиеттерді дәріптеу және Дінмұхаммед Қонаевтың еңбектерін көрсету, жастар арасында насихаттау.