Өскеменде олимпиада жүлдегеріне 45 мың доллар төленуі мүмкін

Олимпиаданың қола жүлдегері Денис Улановқа 45 мың доллар көлеміндегі мемлекеттік сыйақы беріледі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мәдениет және спорт министрлігі мен зілтемірші арасындағы даулы мәселеге қатысты сот осындай шешім шығарды. Естеріңізге сала кетсек, 2016 жылы Денис Уланов Рио-де Жанейро олимпиадасында төртінші орын иеленген. Сол үшін оған 30 мың доллар сыйақы берілді. Кейін қола жүлдеге ие болған спортшыдан допинг табылып, Уланов үшінші орынға көтерілді. Міне, осы оқиғадан кейін зілтемірші еліміздің мәдениет және спорт министрлігінен қола жүлдегерге берілуі тиіс сыйақы төлеуді талап етті. Яғни бұрынғы алған ақшасының үстіне тағы 45 мың доллар аудару керек екенін айтып, сотқа жүгінген. Алғашқы отырыс нәтижесінде оның талабы қанағаттандырылды. Алайда алдағы екі ай ішінде ведомство өкілдері істі қайта қарау туралы сотқа шағым түсіре алады.

Денис Уланов, Рио-де-Жанейро олимпиадасының қола жүлдегері:

Бірінші сот отырысы өтті. Онда мен қаражатты алуға толық хақым бар екенін дәлелдедім. Министрліктегілердің де қарсылығы жоқ сияқты. Бірақ оларға заңды тұрғыда негіздеме керек болды. Ал енді не істейтінін білмеймін. Өзіме тиесілі төлемді жасайтын шығар деп үміттеніп отырмын.