Шымкентте жүргізуші куәлігін ала алмай жүргендер бар    

Жүк көлігін жүргізуге ниетті шымкенттік азаматтар жүргізуші куәлігін ала алмай жүр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жауаптылар бұған осы санат бойынша құжат алғысы келетіндер санының күрт өсуі мен қаладағы екі автодромның бірінде техникалық жөндеу жұмыстарының жүргізілуі себеп дейді. Ал куәлік ала алмай жүрген азаматтар болса, емтихан тапсыратын автодромда бір ғана көлік қызмет көрсететін айтып шағымданды. «Оның өзі әбден ескірген. Айдап үйрену мүмкін емес» дейді. Сол себепті қаладағы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының алдында ұзын-сонар кезек пайда болған. Жүргізуші куәлігін алуға ниеттілер бірнеше күннен бері сенделіп жүргендерін айтады. Ал орталық өкілдері алдағы уақытта бәрін ретке келтіреміз деп сендіріп отыр.