Табиғи жүннен тоқылған бұйымдардың шала туған балаларға қандай пайдасы бар?

Өскеменде шала туған балаларға жүннен жасалған бұйымдардың көмегімен күтім жасау қолға алынды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Иірілген жіптен тоқылған киімдер шақалақты жылытумен қатар, олардың еркін тыныс алуына да оң әсер етеді. Қаладағы тоқымашылар клубының мүшелері ана мен бала орталығына ай сайын осындай 30 шақты жиынтық сыйлайды.

Көне қолөнер, дәстүрлі шикізат және заманауи медицина. Өскемендегі «28 ілмек» клубы осының бәрін бір арнаға тоғыстырып, ана мен бала орталығына қолдау көрсетеді. Гүлиям Таңбаева тоқымашылар клубына 2015 жылы келіпті. Немерелерімнің дүниеге келуін асыға күттім. Құдай тілеуімді беріп, осы күнге дейін 5 немере сүйдім. Олар да табиғи жүннен жасалған бұйымдарды жақсы көреді. Сондықтан тоқыма тоқу менің сүйіп істейтін кәсібіме айналып кетті дейді ол.

Гүлиям Таңбаева, «28 Ілмек» клубының мүшесі:

- Бұл қазақтарда бұрыннан бар нәрсе. Менің өзімнің шешем 7 айлық боп туыпты да, кезінде кәдімгідей атамның тымағына салып өсіріпті менің шешемді. Ескіден келе жатқан өте пайдалы нәрсе, өйткені шала туған балалар, дәрігерлердің айтуынша, демалғанды ұмытып кетеді. Ал мынау жүннен тоқылған нәрсе болғандықтан, ол рецепторларға әсер етеді.

Табиғи жүн нәрестенің терісін тітіркендіріп, жүйке рецепторларына оң әсер етеді. Дәрігерлердің айтуынша, оның пайдасы өте зор.

Жұлдыз Абулова, ана мен бала орталығының бөлім меңгерушісі:

- Тоқылған киімдер балалардың қан айналу, тыныс алу жүйесін тітіркендіреді. Олар шала туған балалар демалуды ұмытып кетуі мүмкін. Сол кезде осы тоқылған киімдер тітіркендіру арқылы балалардың тыныс алуын жетілдіріп отырады.

Жүннен тоқылған киімдер жылуды өте жақсы сақтайды. Көбіне салмағы бір келіге де жетпейтін шала туған шақалақ үшін бұл өте маңызды. Өйткені жаңа туған нәрестенің тері асты майы болмайды.

Елена Меринова, «28 Ілмек» клубының үйлестірушісі:

Статистика бойынша біздің қаламызда 400-ге жуық шақалақтың салмағы өте төмен болып туылады. Клуб мүшелерінің қолынан шыққан бұйымдар өз жылуын бойында сақтай алмайтын осындай нәрестелерге арналған. Қосымша жылу алу арқылы олар энергиясын өзге қырынан жетілуге жұмсайды.     

Оксана Матвеева – клубтың белсенді мүшелерінің бірі. Ол қазір өзінің жүзінші жиынтығын әзірлеу үстінде.

Оксана Матвеева, «28 Ілмек» клубының мүшесі:

- Орталыққа арнайы шақырған соң тағы құр қол келе алмадық. Ішіне кіргізіп, нәрестелерді көрсетті. Біз тоқыған киімдерді кигізіп қойыпты. Көріп, көз қуанып, көңілім марқайып қалды. Шынымды айтайын, тамаша әсер алып шықтым. Енді тоқыма тоқуды үдете түссем бе деймін.

Жиынтық құрамында бас киім, шұлық, күртеше, жөргек, тіпті, нәрестені психологиялық тұрғыдан тыныштандыруға арналған ойыншық сегізаяқ та бар.

Орталыққа қолдау көрсеткісі келетін тұрғындардың клуб мүшелеріне иірілген жіп алып беруіне болады. Оның бір орамасы мың теңгедей ғана тұрады. Жалпы тоқымашылар қандай көмекті де қуана қабылдайтынын айтып отыр.

Ардақ Айбарұлы, Әнел Есенбердина, Жігер Бабақанов