СҚО-да елу бес елді мекенге су тартылады

Солтүстік Қазақстан облысында 55 елді мекенге су тартылады. Олардың арасында тек құдыққа қарап отырған ауылдар бар. Биыл осы жұмыстарға бюджеттен 12 млрд теңгеден астам қаржы бөлініп отыр. Тіршілік көзіне зәру тұрғындармен аймақтан репортаж.

Новотроицкое ауылында бұл ең танымал көлік. Жергілікті тұрғындар жазда оны бау-бақшаға қолданса, қыста осылай су тасиды. Жалғыз құдық шетте. Оның өзінде күніне екі-ақ рет беріледі. Флягі 10 теңге.

Владимир Козлов, Новотроицкое ауылының тұрғыны:

- Су бар. Бірақ алыс. Менің үйімнен 2 шақырым. Сондықтан осындай техника сатып алдым. Қазір күн жылып, жер езілсе онымен де жете алмайсың. Шаршадық. 

Елді мекенде орталықтандырылған су жүйесі болған. Тоқырау жылдары қараусыз қалды. Оның жоқтығынан халық үдере көше бастады. Қазір 80 үй ғана бар.

«Су – әкімдердің жылдағы уәдесі», - дейді тұрғындар. Биыл бюджеттен 260 млн теңге бөлініп, мәселе шешілетін сияқты. 

Гүлмира Исмахамбетова, Бәйтерек ауылдық округінің әкімі:

- Конкурс өтті. Енді қазір обжалование болып жатыр. Енді келесі айда сәуір айынан бастап жұмыстар жүргізіледі. Әр үйде су болады. Кіргізеді. Колонка болмайды.

Өңірде таза ауыз су күн тәртібінен түспеген сұрақ. Бүгінгі таңда облыс бойынша 229 ауылда мүлдем су жоқ. Жұрт құдыққа қарап отыр. Жергілікті билік өкілдері бұл мәселені кезең-кезеңмен шешпек.

Бақыт Ілиясов, Энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы: 

- 55 ауылда ескі су желілерін жаңарту, таратушы тораптарды жөндеу, құбырларды санация әдісі арқылы қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар бұған дейін орталықтандырылған су жүйесі мүлдем болмаған 10 ауылға тіршілік көзі тартылады. 

Биыл ауылды жерлердегі 2 мыңнан аса үй орталықтандырылған су жүйесіне қосылады. Оны тұрғындар өз қаржысына жүргізеді. 

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Руслан Әлиев