Түркістанда сакура гүлдеді

Түркістанда сакура гүлдеді. Бірақ жылдағыдан кешірек гүл ашты.

Мамандардың айтуынша, бұған көктемнің салқын болуы әсер еткенге ұқсайды. Жапон шиесі Ахмет Яссауи кесенесінің жанындағы ботаникалық бақта өседі. Өткен жылдың қыс айларында жеміс ағашының 200 түбі Германиядан әкеліп отырғызылған. Оның алдында 15 жыл бойы арнайы тұқымбақта өсіріліпті. Содан болар, жергілікті климатқа тез бейімделіп, жерсініп кеткен. Ал Түркістандағы ботаникалық бақтың аумағы 7 гектарды алып жатыр. Онда сакурадан бөлек мыңға жуық ағаш түрі өсіп тұр. 

Көркемжан Эшметов, «Жасыл Түркістан» КММ директоры:

- Барлық ағаштар күтімді қажет етеді. Бұл ағаштар күтімді көбірек қажет етеді. Былайша айтқанда бұларға суын, су берудің өзінің нормативі бар және тыңайтқыштарды да дер кезінде беріп тұру қажет. Тыңайтқыштарды және басқа да минералдарды біраз екі-үш жыл өзін алып кеткеннен кейін оларды қажет етпейтін болады. Бірінші жылдары өзін көрсете алмаса биыл берілген тыңайтқыштардың, күзде берілген тыңайтқыштарды күтіп ұстаудың арқасында қазір өздеріңіз көріп тұрсыздар жақсы гүлдеп тұр.