Қыздардың көкпар тартқаны дұрыс па?

Қазақтың ұлттық ойыны көкпарға қыздардың араласқаны дұрыс па, әлде бұрыс па? Бұл сауал төңірегіндегі пікірлер екіге жарылды. Белгілі көкпаршылар мен жаттықтырушылардың біразы «қыз баланың көкпар тартқаны дұрыс емес» деп есептейді. Енді бірі онда тұрған еш сөкеттік жоқ деген пікірде.

Даудың басы Алматы облысының тумасы Ева Жигалина есімді шабандоздың көкпарға араласуынан басталғанын айта кетейік.

Қаскелеңдік Ева Жигалина 6 жасынан атқа мініп өскен әккі шабандоздың бірі. Оны орыс қызы деп жүргендер қателеседі. Еваның ұлты казак. Ата-бабасы кәдімгі Дон казактарынан тарайды. Жастайынан ат құлағында ойнап өскен қыз бүгінде қазақтың ұлттық ойыны бәйге мен көкпарға ат дайындаумен айналысып жүр.

Ева Жигалина, көкпаршы:

- Мен көкпарға атты жер-жерден іздеп жүріп таңдаймын. Дончак пен Қостанай тұқымы көкпар тартқанға өте қолайлы. Мына Самсон есімді атымды 3 жасынан баптадым. Қазір ол топқа бұзып жарып кіретін кәсіби ойыншыға айналды. Өзіме келер болсам, мен жылқыға бар ғұмырымды арнауға бел буған жанмын. Атқа отырсам қанаттанып шыға келемін. Ал көкпарда өзімді суда жүзген балықтай сезінемін.

Қарасай ауданының көкпаршылары Ева Жигалинаны «Амазонка» лақап атымен жақсы таниды. Оның өнеріне тәнті болған ауыл ақсақалдарының Ева палуанға ақ батасын берген кездері де аз емес.

Самат Жұмағалиев, атбегі:

- Өзімнің анам да қойшының қызы болған, осы көкпар тартып өскен. Енді бұл қыздың да талабы бар, тарта бергені дұрыс. Оған ешкім шектеу қоя алмайды ғой «тарт-тартпа» деп. Тартқаны дұрыс. Талай ер адамнан жақсы тартады ғой енді, көріп жүр ғой. 

Ева Жигалина мен оның жұбайы Тельман Мусаев осы атбегілік өнердің арқасында танысып, табысқан. Екеуі 2015 жылдан бері Жамбыл ауданындағы «Көкбастау» атшабарының іргесінен жылқы фермасын ашып, көкпар аттарын баптаумен айналысып келеді.      

Тельман Мусаев, атбегі:

- Мен бұл кісімен танысқан кезде ол уже көкпар тартып жүрген. Ол өзінің сүйетін хоббиі ғой бұл былай айтқанда. Жанында жүрген көкпар тартып жүрген жігіттер қарсы емес бұған. Вообще ешкім қарсы болмаған. Бірінші рет болды осындай нәрсе. Енді өзі атты жақсы көреді, көкпарға ат баптайды. Қалай енді бармайды? Мен барма деп айта аламын. Неге айта алмаймын? Бірақ мен неге айтамын ол өзі сүйетін нәрсесіне?!

 Ева Жигалина, көкпаршы:

- Құлындарды Польшадан, Ресейден алдырамыз. Бұл өзі бейнеті өте ауыр еңбек. Ыстық-суыққа қарамаймын. Күніне 3-4 сағат атқа мінемін. Астымдағы Самсоным өте сезімтал жылқы. Топқа түскенде екеуміз бір-бірімізді ұятқа қалдырмауға тырысамыз. Басында оны сату үшін баптағанмын. Кейіннен бұл ойымнан айнып қалдым.

 Ардақ Айбарұлы, тілші:

- Менің артымдағы Авангард атты тұлпар. Өзі Ресейден әкелінген. Биыл дөнен шықты. Жалпы ат баптау оңай емес және ол екінің бірінің қолынан келе бермейді. Қазір көкпарға дайындалған аттардың құны нарықта 10 миллион теңгеге дейін тұрады.

Ал Еуропа елдері мен Біріккен Араб Әмірліктеріндегі асыл тұқымды сәйгүліктердің бағасы бұдан бірнеше есе қымбат. Шынын айту керек, біздің бүгінгі жаппай көкпар төңірегіндегі ойымыздың өзі көкпарға түскен серкедей болды. «Оны дамыту үшін алдымен ережесін жөндесін, салымға көңіл бөлсін! Қыз бала көкпар тартсын, тартпасын!» деп әлі даурығып жүрміз. Сөз соңында Еуропа елдерінің қыздар командасын жасақтап, қазақтың ұлттық спорт түрі ретінде патенттелген көкпар ойынын жан-жақты дамытуға көшкенін де айта кетейік...

Ардақ Айбарұлы, Жеңіс Әбдірешев

Сондай-ақ...