БҚО-дағы жолдардың жыры біте ме? 

Батыс Қазақстан облысында автокөлік жолдарының сапасы сын көтермейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгін Үкімет басшысы Әлихан Смайылов 94 мың тұрғыны бар 50 елді мекенді жалғайтын «Подстепное – Федоровка – Ресей шекарасы» автожолының жағдайын көрді. Әр тәулікте еліміз бен өзге елдердің он мыңдай азаматы қатынайтын әрі Ресей Федерациясына транзиттік дәліз саналатын жолдың жағдайы қазір мәз емес. Қайта жөндеу жұмыстарына 77 миллиард теңге жұмсалмақ. Ал соңғы жылдары құрылысы созылып кеткен «Қазталов-Жәнібек-Ресей» және «Өнеге-Бисен-Сайхын» бағытындағы жолдар шалғай ауыл тұрғындарын әдбен шаршатқаны рас. Жалпы ұзындығы 248 шақырым болатын бұл жолдардың жағдайы жуырда мемлекет басшысының да сынына ұшыраған еді.

Мейірхат Қасымбаев «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы: 

248 шақырым жол кіреді проектілерге. Соның биыл 113 шақырымында жол жүруін беруге жоспарлап отырмыз. Ақша жағдайы бөлінген. Келесі жылға тағы да ақша қарастырылып жатыр. Кешегі Мемлекет басшысының сынынан кейін ол ақша келесі жылы да бөлінеді деген сенім бар. Биыл бөлінгені 15 миллиард ол жылға сол 15 миллиардпен биыл 113 шақырым жолды тапсырамыз деп үміттеніп отырмыз.    

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі: 

3 жыл бұрын басталған жобалар, бірақ та қаржыландыру мәселесінен бітпей жатқан жолдар. Сондықтан биыл 15 миллиард теңге қаралған, бірақ та техникалық мүмкіндік бар болса, жұмысты тездету керек. Қосымша қаражатты біз табамыз. Ал мынау Подстепка және РФ шекарасы арасындағы республикалық жолға біз бюджетті нақтылаған кезде арнайы 6 миллиард теңге бөлдік. Енді барлық жұмыстарды Қазавтожол бастады. Сонымен биыл, келесі жылы бұл жолды біз бітіруге тиіспіз.