Ауылдарға интернет таратуда монополистер кедергі болып отыр

«Қазақтелеком» мен «Транстелеком» шағын операторлардың елді мекен ішіне интернет таратуына мүмкіндік бермейді. Не өздері де таратпайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Цифрлық даму, инновациялар жəне аэроғарыш өнеркəсібі министрі Бағдат Мусин Мәжілістің баспасөз алаңында осылай деді. Ведомство басшысының айтуынша, қазір аталған монополистер ауылдарда тек мемлекеттік мекемелерге ғана интернет тартып отыр. Оның өзінде бұл жұмыс мемлекет бюджетінің есебінен жүзеге асады. Тұрғын саны 250-ден асатын ауылдық жерлердің 1200-іне сымды желіде оптика жеткізілді. Бірақ оның ауыл ішінде таратылуы қиынға соғып отыр. Ал монопалист компаниялар шағын операторлардан ауылға интернет жеткізу үшін табысының жартысын беруді талап етеді. Бағдат Мусин бұл бағытта Бәсекелестікті дамыту және қорғау агенттігімен бірлесіп жұмыс істеп жатқанын атап өтті.

Бағдат Мусин, ҚР цифрлық даму, инновациялар жəне аэроғарыш өнеркəсібі министрі:

Қазір монополистер жағдайды пайдалана отырып, шағын операторларға 50/50 қағидаты бойынша жұмыс істеуді ұсынады. Яғни бизнесмен желіні өз күшімен тартып, халықпен жұмыс істеуі керек. Содан түскен табысының 50 процентін монополиске беруі шарт. Осы мәселені біз монополиясыздандыру комиссиясында көтердік. Қазір Бәсекелестікті дамыту және қорғау агенттігімен бірлесіп, заңға өзгерістер енгізу бойынша жұмыс істеп жатырмыз.

Осы орайда, Бағдат Мусин ауылдарға интернет желісін электр бағаналары арқылы тартуды ұсынды. Яғни бағандарды қолданып отырып, оптика өткізуді заңдастырмақ. Ол үшін бизнесмендерді тарту көзделіп отыр.