ШҚО тұрғындары референдумды қолдайды

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов жұмыс сапарымен Шығыс Қазақстан облысына барды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мақсат – референдумның мән-маңызын түсіндіру. Алдымен Семей қаласында болып, өңір жұртшылығымен кездесті. Ерлан Қошанов жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қазір елімізде ауқымды өзгерістер болып жатқанын айтып, өңір халқын Абай облысының құрылуымен құттықтады. Зиялы қауым өкілдері Абай ауданы жұртшылығының реформаларды жақсы қабылдап жатқанын және алдағы референдумға атсалысатындарын айтты.

Ерлан Қошанов ҚР Мәжіліс төрағасы:

Жаңа Қазақстан дегеніміз не? Қазір ең жиі қойылатын сұрақ осы. Президент жуырда бұған нақты жауап берді. «Ол – Әділетті Қазақстан» деп дөп басып айтты. Ал «жаңақазақстандық» қандай болуы қажет? Мұны осы топырақта туған ұлы Абай 1 жарым ғасыр бұрын айтып кеткен. Ол – бес нәрседен қашық боп, бес нәрсеге асық болуы керек. Қарап отырсаңыздар, Абай философиясы Президентіміздің «Жаңа Қазақстан» туралы көзқарасымен толық үндесіп тұр.