Павлодарда қылмыстың алдын алу үшін велопатруль іске қосылды

Павлодарлық полицейлер велосипедке мінді. Тәртіп сақшыларының бас-басына көлік бұйырмайды, әрине. Бірақ бұған дейін жер-көкті жаяу шолып жүрген жасақтардың жұмысы жылдамдай түспек. Велопатруль әзірге тек саяжай аумақтарында жүреді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Павлодар аумағында осындай 19 аумақ бар. 23 мыңнан астам саяжай учаскесінде халық көкөніс-жеміс өсіреді. Тағы 21 мыңнан астам үй қараусыз қалған. Бар мәселе осында. Кезбелер мен маскүнемдер жиналып, көршілес жатқан үйлердің мүлігін жиі қолды қылады. Енді атты взводтан бөлек велопатруль де қылмыстың алдын алу шараларын атқарады.

Сұңғат Сапаров, Қалалық ІБ кавалериялық взвод командирінің орынбасары:

– Велосипед – жылдам әрі қарапайым көлік. Әсіресе саяжай аумақтарында қызмет атқаруда таптырмас құрал. Көлік өте алмайтын жерлерде жүруге ыңғайлы. Қылмыстардан бөлек, өрт оқиғаларын да алдын алуға тырысамыз.

Ақмарал Есімханова, тілші:

– Мамандардың айтуынша, саяжай учаскелерінде көбінесе өзгенің мүлкін ұрлау деректері жиі кездеседі. Сондықтан велопатруль іске қосылды. Біз тұрған бағбаншылық шаруашылығында төрт мыңнан астам учаске бар. Сол себепті велопатрульдеу жиі ұйымдастырылатын болды. Біз де мамандармен бірге алғашқы рейдке шығуды жөн көрдік.

Зинаида есімді бағбан бұл учаскені екі жыл бұрын сатып алған. Себебі бұрынғы саяжайында ұрлық көп болыпты. Жыл сайын көкөніс, жеміс-жидек егуді әдетке айналдырған ол өзі сияқты бағбандардың қауіпсіздігіне алаңдайды.

Зинаида, бағбан:

Қылмыстың алдын алу шаралары аздық етпейді. Орталық көшелер тыныш, әрине. Шеткі аумақтарда қараусыз қалған үйлер көп. Сол жерлерде ұрлық, тонау болуы мүмкін. Сондықтан патрульдеу керек.

Осындай жұмыс облыс орталығындағы барлық бағбаншылықтарда атқарылмақ. Тәртіп сақшылары енді оқиға орнына тез жетеді. Әр велосипед 200 келіге дейінгі салмақты көтеруге қауқарлы. Сонымен қатар үш жылдық мерзімге сапа кепілдігі берілді.

Арман Қаптаев, қалалық ПБ ЖПҚ басшысы:

– Саяжай алаптарының аумағы өте үлкен. Қызмет сапасын жақсарту үшін велопатруль құрылды. Бұл көліктің көмегімен уақыт та үнемделеді, жұмыс сапасы да көтеріледі. Нәтижелері туралы әзірге ерте. Жетістік болса, тәжірибені кеңейтуге бармыз.

Саяжай маусымы енді басталды. Өткен жылдармен салыстырғанда қылмыс айтарлықтай азайған. Оңай олжа тапқысы келгендер темір-терсек, техника құралдары, ұялы телефондар мен велосипедтерді қолды қылған. Осы күнге дейін жеті қылмыс тіркелген. Бұзақылардың барлығы жауапқа тартылды.

Авторлары. Ақмарал Есімханова, Самат Оспанов және Марат Игіліков