Алматы облысындағы ауылда жаңа мектеп әлі жабдықталмаған

Үлкеншыған ауылындағы мектеп жанынан салынған 300 орындық қосымша ғимарат әлі күнге жабдықталған жоқ. 

Құрылыс жүргізген мердігер мекеме қондырғыларды уақытында жеткізіп бермеген. Оқушылар жаңа мектепте оқыса да заманауи құралдарды қолдана алмай келеді. 

Үлкеншыған ауылының оқушылары бұл сыныпта ағылшын тіліндегі шағын әңгімелерді тыңдауы тиіс еді. Лингафон құрылғысының жоқтығынан олар ондай мүмкіндіктен қағылып отыр. Шет тілі кабинетімен қатар асхана мен шеберхананың да қондырғылары толық емес.   

Бақыт Дүйсенбаев, мектеп директоры:

- Балалардың шеберханасында ағашпен жұмыс істейтін станок келмей жатқан. Екі лингафон кабинетіміз келмей жатқан. Біраз дүние бар.

Тиісті құрылғылардың жеткізілмегенін айтып, мектеп басшылығы құзырлы органдарға шағым түсірген. Соның негізінде тексеріс жасалып, құрылыс компаниясынан кепілхат алыныпты. Осыдан кейін мердігер мекеме керек-жарақты шетінен әкеле бастаған.

Қайрат Абаев, аудандық құрылыс бөлімінің басшысы:

- Бұл жерде «Болашақ М» мекемесі. Мектепке қажетті инвертарь дейді ғой стол орындық датчик дейді ғой біраз заттарды кешіктірді. Негізі жеткізілмеген зат көлемі 20 млн теңге төңірегінде ғой. Үштен бірі жеткізілді ғой. Мердігерлермен сөйлесіп хабарластық, осы 2022  жылдың оқу жылына жеткіземіз деп өздеріне міндеттеме алған. Негізі бұл бақылауда.

Шағын мектеп салуға 980 млн теңге жұмсалып, құрылыс жұмыстары 2018 жылы аяқталды. 4 жыл бұрын туындаған мәселе келесі оқу жылына дейін шешіледі, дейді жауаптылар. Сол кезде оқушылар заманауи қондырғыларды пайдаланып білім алатын болады.  

Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов