Ерікті донорлар көбейіп келеді

Соңғы жылдары елімізде донорлық қанға деген сұраныс артқан. Мұны мамандар қан аурулары және жол-көлік оқиғаларының жиілеуімен байланыстырып отыр. Десе де, ерікті донор саны да артып келе жатқан көрінеді. Биылғы төрт айда 60 мыңға жуық донация тіркелген.

Аян Құлжабаев, донор:

- 3 аптада бір рет тапсырамын. Өзімді жақсы сезінемін. Қан тапсырған өзіме дұрыс деп санаймын, екіншіден басқа адамдарға көмектескен жөн деп ойлаймын. Себебі, менің денсаулығым жақсы, ал кейбір адамдар да жоқ. Бүгін қан компонентерін тапсырудамын, тромбоцит пен плазма. 

Донорлық – дімкәс жанға демеу ғана емес, адамның қан айналымын қалпына келтіруге таптырмас мүмкіндік. Алайда Аян Құлжабаев секілді тұрақты түрде қан тапсырып, донор болу кез келген адамның қолынан келмейтінін мойындау керек. 

Бекзат Аманов,  тілші:

- Медициналық мекемелерге өзінің қаны арқылы өзгенің жанын сақтауға дайын тұрақты донорлар қажет. Себебі қанның қызыл түйіршектері мен тромбоциттердің сақтау мерзімі шектеулі ғана. Міне бүгін біз де қан тапсыруға келдік. Ақ халаттылардың айтуынша, осындай кішкене ғана құтыға сыйып кететін 450 мл қан үш адамның өмірін өлімнен арашалап қалуға мүмкіндігі бар. Науқастың жаны донордың қанына тікелей тәуелді болып қалатын деректер бізде жиі кездеседі.

Көкшетау

Мәселен, көкшетаулық Надежда Винтер бүгінгі күнін донорлық қансыз елестете алмайды. Қан лейкозы дертіне шалдыққан ол ай сайын донорлардың көмегіне жүгінуге мәжбүр. Әйтпесе, жағдайы нашарлап, тіпті жүру мен сөйлеу қабілетінен де айырылатын көрінеді.

Надежда Винтер, Щучинск қаласының тұрғыны:

- Гемоглобиннің түсіп кетуіне байланысты ентігіп ауа жетпей қалады, әлсіздікті сеземін. Тіпті аяқ басуға әлім жетпей, ауруханаға арбамен жеткен кездер болды. Бұл жағдайдан тек қан құю құтқарады. Осыдан кейін ғана жағдайым жақсарады. Алайда ауру ай сайын алқымнан алады. Сол үшін дәрігерлерді жиі жағалауға тура келеді. Донорларға алғысым шексіз, оларсыз қалай күн көретінімді білмеймін.

Нұр-Сұлтан

Ашығын айту керек, ел арасында қан тапсыруға қатысты қауесет желдей есіп жүр. Алайда сала мамандарының айтуынша, донорлықтың денсаулыққа еш зияны жоқ. Керісінше қан тапсырған адамның ішкі ағзасымен қоса сыртқы келбетіне де өң кіреді, дейді.

Зәуреш Әлменова, дәрігер:

- Әрбір қан тапсырған адамның қан айналымы жақсарады, қан сұйылады. Жүрек-қан тамыр ауруларының алдын аламыз, ішек, ішкі қуыстар ауруларының профилактикасы, иммунитет көтеріледі. Және әсіресе әйел адамдардың тері қабаттары жасарып, сұлу болып кетеді донорларымыз.

Иә, қан орталықтарындағы қам-қарекет тұрақталғанымен донорлар артықтық етпейді. Кейде бойыңдағы бір тамшы қан бір өмірді құтқаруға сеп болуы мүмкін.

Бекзат Аманов, Ақылбек Есімсейітов