Елімізде балалар офтальмологы тапшы

Бұл туралы Тараз қаласында өткен Қазақстанның офтальмологтары Конгресінде айтылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Дәрігерлер келтірген мәліметке сүйенсек, елімізде балаларды емдейтін небәрі 164 көз дәрігері бар. Ал 6 миллион балаға кемі 600 офтальмолог қажет екен. Сондықтан ересектерді қарайтын дәрігерлер балаларды да қабылдауға мәжбүр. Бұл түйткіл уақытылы шешілмесе, көз ауруларының саны арта береді. Пандемия кезіндегі қашықтан оқыту да бұған кері әсерін тигізді. Ковид кезінде балалар арасындағы көз ауруы 70 процентке өсіп кеткен. «Бұл саладағы кадр тапшылығын жою үшін бұл мамандыққа грант көп бөлінуі тиіс», – дейді шараға жиналғандар. Сондай-ақ конгрессте қызу талқыланған тақырыптың бірі – көз ауруларын емдеудегі трансплантация.

Тұрсынгүл Ботабекова, ҚР офтальмологтары қауымдастығының президенті:

Біріншіден, трансплантациялық материал форматының тапшылығы қолбайлау болса, екіншіден, жекеменшік клиникалар трансплантациямен айналыса алмайды. Бүгінде 2 мыңға жуық науқас операция кезегінде тұр. Соның 10 проценттен астамы балалар. Қазақстанда бұрындары көздің мүйізгек қабығын ауыстыру бойынша жылына 150-200 операция жүзеге асатын. Бүгінде нәбәрі 6-ақ трансплантациялық операция жасалады.