БҚО-да 500 мың ақбөкен атылуы мүмкін

«Ақмола мен батыс өңірінде киік біткен егістікті таптап жатыр. Түз тағысы тым көбейіп кетті. Сондықтан ақбөкенді ату керек». Шаруалар осылай деп ашуға мініп отыр. «Әйтпесе егіннің жартысынан айырыламыз», – дейді. Ахуал шынымен күрделі ме? Экология министрлігі қандай әрекетке бармақ? Киік атуға рұқсат беріле ме? Арна тілшісі журналистік зерттеу жүргізді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қорған Қонысбайұлы, тілші:

– Осыдан үш жыл бұрын елдегі киік басы шамамен 300 мыңдай еді. Кейін оны атуға тыйым салынып, браконьерлерге жаза қатаңдатылды. Нәтижесінде бүгінде елдегі түз тағысының саны миллион 300 мыңнан асып жығылды. Бірақ таяқтың екі ұшы бар дегендей, киіктің өскені шаруаларға қиын боп тұр.

Марат Қозыбағаров, шаруа қожалығының басшысы:

– Осы кезге дейін қанша гектар алқапқа зиян келді? 3750 гектарға себем. Осындай жағдайда тұр. Күзде осындай жағдай болса, 50 процент егінді жеп қоюға мүмкін киіктер.

Ахмет Шахметов, шаруа қожалығының басшысы:

Төтенше жағдай ғой бұл. Жаңағы шегіртке сияқты. Бұлар олардан да жаман. Тек біздің осы округта ғана, ауылда шамамен 100 мыңнан аса киік жүр қазір. Біз емес, мына жақтарда бәрі зарлап жатыр. Ол киікті ешкім қарамайды. Оходнадзор ешқандай жоқ. Менде былтыр 180 гектар босқа кетті. 180 га деген ол 180 тонна ол жай менде ғана. Ал осы жерлерде мыңдап кетті. Ол қанша бидай, қаншама урон.

«Киікті қаптады, егінімізді таптады» деп жанұшырып жүрген бұл атбасарлық шаруалар. Енді ғана көтеріліп келе жатқан бидайдың біразын ақбөкен біткен отап кеткенін айтады. Кейбір диқан егістік басында түнеп, егінін күзетуге көшкен. «Үй бетін көрмей кеттік» – деп ашуға мініп жүргендер бар.

Ахмет Шахметов, шаруа қожалығының басшысы:

Түні бойы күзетеміз. Күні бойы күзетеміз. Үйге де бармаймыз. Әйелімізді көрмейміз.

Атбасардағы Есенгелді ауылының бір өзінде егін егетін 22 шаруашылық бар. Киік бәрінің де бас ауруына айналған. Ақбөкенді күні-түні қуып әлек.    

Қорған Қонысбайұлы, тілші:

Киік қуу да оңай іс емес екен. Жеткізбейді кәдімгідей. Шамамен сағатына 80 шақырым жылдамдықпен жүйткіп келеді. Кәдімгідей қисап жоқ. Қалың.

Нұрбай Жүсіпов, шаруа қожалығының басшысы:

– Күні бойы 2 сағат, 1 сағат сайын айдап отырамыз киікті. Сосын мына киіктің балалары өте көп. Мына 100 бас киік болса, оның ішінде 20-сы ғана аналық. Қалғаны бәрі бала, лақтары. Ол лақтар айдауға келмейді. Бұрылып саған жүгіреді. Ана жаққа айдасың мына жаққа, мына жаққа айдасаң ана жаққа жүгіреді. Бәрімізде де кредит бар, бәрімізде де лизингке техника алдық бәлен-бәлен миллионға. Оны қалай төлейміз біз? Осы жағдайды шешіп берсін.

Батыстағы шаруаны да шаршатқан – киік. Жәнібек ауданының Жақсыбай, Борсы, Күйгенкөл, Ағоба мен Талов секілді 5 ауылдың аумағында жайылатын ақбөкеннен ұзын ырғасы 140 қожалық шығынға батқан.

Абай Жұмақұлов, шаруа қожалығының басшысы:

– Біздің мал жайылысымызға кеселдік келтіріп тұр. Ең бірінші мәселе. Киік жүріп кеткен жерде шабындық жоқ, номайын отап кетеді.

Мәселені қалай шешуге болады? Біздің елде ақбөкен ерекше қорғалатын жануарлардың тізіміне енген. Сондықтан атуға болмайды. Мораторий енгізілген. Биыл оның мерзімі бітеді. Енді киік атуға рұқсат берілуі мүмкін.

Ғали Есқалиев, БҚО әкімі:

– Мораторий өз міндетін атқарды. Орал популяциясына жататын киік саны айтарлықтай өсті. Бірақ ауыл шаруашылығына қауіп төніп тұрғаны рас. Соны тезірек шешу үшін жануарларының санын реттейтін мезгіл жетті деп есептеймін және оны биылдан бастау керек. Олай істемесек, ауыл шаруашылығына орасан зиян шектіреміз.   

Орал популяциясының саны 800 мыңнан асқан. Бетпақдала киігі де көбейген. 489 мың. Тек Үстірттікі ғана аздау болып тұр. 28 мың. Сондықтан бірінші осы Орал мен Бетпақдаланың бөкені атылуы кәдік.

Асқар Әбдірахманов, ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің бас сарапшысы:

– Қазір бұл мәселе қаралып жатыр. Ғылыми ұйымдар мен ғалымдар биологиялық негіздеме әзірлеп жатыр. Ол биологиялық негіздемеде қазір көрсетеді санын реттеу керек пе? Аңшылыққа бере ме, әлде арнайы мемлекеттік мекемелермен санын реттеу керек пе, оның бәрі биологиялық негіздеменің қорытындысынан шығады. Ол шамамен осы айдың 20 нан кейін шығып қалуы мүмкін.

Тәуелсіз экологиялық шолушы Сәкен Ділдахмет «киік егін мен жайылымды таптайды деген бекер. Жануардан зиян жоқ», – дейді.

Сәкен Ділдахмет, тәуелсіз экологиялық шолушы:

Киік 80 түрлі шөп жейді. Киік қарапайым үй малы жейтін шөпті жемейді. Киік кәдімгі мал секілді ақырындап жайылмайды. Өте тез жүріп шөп жейді. Мына киік таптап өткен жерлерде қайта шөп жақсы шығады. Соны ескеру керек. Оны малшылар да жақсы біледі, фермерлер де жақсы біледі. Бүгінгі күні фермерлердің барлығы деп айта алмаймын, кейбірі мүмкін басқа көздеген мақсаттары да бар. «Киік жерімізді таптады, егінімізге кірді» деп қосымша субсидия алып алғысы келеді. Қосымша қаражат алғысы келеді. Сондықтан бүгінгі күні 1 млн 300 мың бас бұл бізге ешқандай құқық та бермейді, оны атуға. Кем дегенде 2-3 млн басқа жеткізіп алу керек.

Экология министрлігі болса, 20-нан кейін жаңа бұйрық шығатынын хабарлады. Биологиялық негіздеменің қорытындысынан соң атылатын киіктің шекті саны бекітілмек. Шамамен Орал киігінің 500 мыңы атылуы мүмкін. Жағдай осылай. Сонда жануар даламызға сыймай кетіп бара ма? Бір кезде Сәкен ақын жырға қосқан ақбөкенді қазіргідей 1 млн 300 мың басқа жеткізу үшін тек тер емес, қан да төгілгенін ұмытпау керек.

Авторлары: Қорған Қонысбайұлы, Нұрғали Мамырбаев