ШҚО-да Самар ауданының тұрғындары жақсы өзгерістен үмітті

Аудан мәртебесінің қайтарылуы ауқымды мәселелерді шешеді. Шығыс Қазақстан облысында Көкпекті ауданынан бөлініп шыққан Самар ауданының тұрғындары осындай үмітте. Ширек ғасыр уақыттан соң Самардың бұрынғы беделіне ие болуын жұрт дүбірлі тоймен қарсы алды. Енді жол, ауыз су, тұрғын үй құрылысы сынды қордаланған мәселелер шешіледі деген үміт мол, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл аттылар мен темір тұлпар мінген салтанатты шеру Көкпекті мен Самар ауданының шекарасынан келе жатыр. Мақсаттары осы арқылы Самардың бүгіннен бастап өз алдына бөлек аудан болып жарияланғанын көрсету. 25 жыл күткен өзгерісті жұрт осылай бейнеледі. Көрші Көкпектіден көрген зәбірміз жоқ дейді мұндағылар.Алайда осы жылдар ішінде бұрынғы дүбірлеген Самар ауданының атағы бәсеңсіп қалғаны рас.Жер-жерде шешілмеген дүниелер көбейіп кеткен. Айтар ауызға аз сияқты болғанымен, ауылдағы ағайын үшін аса қажетті шаруалар. Мәселен, Самардағы аурухана кадр тапашлығын тартып отырғалы қашан.Хирург жетіспейді,офтольмолог ,дерматолог сынды дәрігерлер жоқтың қасы. Енді жастар келер деген үміт бар.

Глафира Шапатова, Самар аудандық №2 аурухана бас дәрігерінің орынбасары:

– Үмітіміз бар, өйткені қазір аудан болады дегеннен кейін кейбір кісілер хабарласып қоңырау шалып, бізге айтып жатыр,қызығушылық танытып жатыр. Аудан болмағаннан кейін жастар мына араға көп келмейді.

Мұндағы ауыл-аймақта, әсіресе, ауыз су және жол мәселесі өзекті. Басқасын қойғанда аудан орталығына айналған 6 жарым мыңнан астам тұрғыны бар, Самардың өзінде су құбыры тартылғанмен, әлі бітер түрі көрінбейді.

Гауһар Бигосинова, Самар аудандық маслихатының депутаты:

– Бүгінгі күнге дейін су құбыры жүргізілгенмен, толыққанды аяқталмаған осы мәселе аяқталады деген ойдамыз. Самар ауылы бюджеті өзіне-өзі жеткілікті орныққаннан кейін эконмикаға осы жердегі кәсіпкерлерден түскен салықтың арқасында және орталықтан бөлінетін бюджет арқасында көп мәселелер шешімін табар деген сеніміміз мол.

Бастаушы, Қарақол сынды көзден таса, назардан тыс қалып қойған ауылдықтар да айтулы өзгерістен дәмелі.

Гүлжанат Қанғұлова, Бастаушы ауылының тұрғыны:

– Округ өзінде тас жолдар салынса, электр жарығы тартылса, бір қабатты шығыс бағдарламасы бойынша үйлер салынса, бізде де алтын құрсақты аналар көп, жұмыс орындары ашылса, ауылға жастар көбірек келер еді.

Бізде жердің астын да,үстін де игеріп жатқан кәсіпкерлер жетеді. Алтын және ильменитті кен орындары бар. Сондықтан түскен салық экономиканы көтереді деп санайды жергілікті атқамінерлер. Сонымен қатар Самар ауылының маңында әр гектардан 20-25 процент астық алуға қауқарлы шаруа қожалықтары да көп екен. Бұған енді ауданнның туристік тартымдылығы да қосылмақ.

Ахмет Күдербаев, Самар ауылдық округінің әкімі:

– Бұқтырма су қоймасы іргемізде. Бұқтырма жағасын бір апта бармай қйосаңыз, Бұқтырма өзгеріп жатады, ондаған мыңдаған жүздеген үйлер салынып жатады.

Туризм демекші, жоба құны 50 миллард теңгеден асатын Бұқтырма көпірінің құрылысы да осы Самар ауданында салынып жатыр. Бұл  болашақта Самардың туристік қуаттылығын арттыратын ең үлкен мүмкіндік болмақ.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов