Абай облысында тарихи нысандарға қамқорлық қажет

Абай, Шәкәрім, Мұхтар дүниеге келген киелі өлке – Абай ауданындағы тарихи-мәдени нысандарға қамқорлық қажет. Мәселен, жыл он екі ай туристер ағылатын Қоңыр әулие үңгірі, Құнанбай қыстағы мен оның ұрпақтары жерленген қорымға апаратын жол жөнделмеген. Жаңадан құрылған Абай облысының әкімі алғашқы жұмыс сапарын Абай ауданынан бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Нұрлан Ұранхаевқа жергілікті тұрғындар көптен бері шешілмей келе жатқан мәселелерді айтты. Ұлы ақынның әкесі Құнанбай Өскенбайұлы мен оның әулеті мәңгілікке тұрақ тапқан мекен – Ақшоқының бүгінгі кейпі осындай. Екі жыл бұрын һәкімнің 175 жылдық мерейтойы аталып өтілгенде бұл жер абаттандырылған. Сол кезде жаңа музей бой көтерген. Алайда қорымға апарар 20 шақырым асфалтталмаған. Жарық та жоқ.   

Қайрат Сабырбаев, Семейдегі тарихи-өлкетану музейінің директоры:

– Бұл Біздің Құнанбай музейі ішкі туризмнің дамуына үлкен әсері бар. Өйткені біздің еліміздің  түпкір түпкірінен алыс-жақын шетелден Жидебайға келушілер, қоңыр әулиеге барушылар өте көп. Болашақта осы жерге жарық тарту мәселесі шешілсе. Алдағы уақытт жаңа облыс әкімінің пәрменімен бұл жерге жарық келеді деген үмітіміз бар.

Туристер жиі келетін Қоңыр әулие үңгіріне баратын жолдың жағдайы да мәз емес. Жыл сайын мыңға жуық адам қызықтауға, тәу етуге келетін мәдени нысанның жолының жөнделмегеніне 35 жыл болған. Жергілікті тұрғындарды жер мәселесі де алаңдатады. Бұрынғы Семей полигонына қараған жерлер әлі күнге дейін ауыл шаруашылығы мақсатында пайдалануға берілмей отыр.

Төлеубек Аманғазы, Қарауыл ауылының тұрғыны:

– Тең жартысын халық шаруашылығына береміз деп айтылғалы 5-6 жылдың жүзі болды. Бірақ әлі шешімін таппай келеді. Осы мәселені кешеуілдетпей шешсе. Оның зиянды емес, мал шаруашылығына пайдалануға болатынын тездетіп шешіп, заң шығарып, соны халықтың пайдалануына берсе. Онда мал өсіруге, шаруалардың өздерінің істерін әрі қарай жылжытуына көп көмек болар еді.

Өңірдегі тарихи-мәдени ескерткіштерге де ерекше қамқорлық қажет дейді жергілікті зиялы қауым өкілдері.

Тұрдықұл Шаңбай, «Жидебай-Бөрілі» қорық-музейінің директоры:

– Республикалық музейдің шешілмей жатқан мәселелерін айтып жатырмын. Негізінде 80 жылдық тарихы бар Абайдың Жидебай – Бөрілі тарихи-мәдени музей қорығының ұлттық статус алса деген ұсыныс айттым.

Нұрлан Ұранхаев, облыс әкімі:

– Талай жұмыстар алдымызда тұр. Жиында көтерілген мәселелер орынды. Пионер лагерін салу керек деп айтып жатыр. Жолдарды жөндеу керек. Бұл жұмыстарды біз қарастырамыз. Ең бірінші қаржы көздерін нақтылау керек. Бүкіл жобалық-сметалық құжаттамаларды қарау керек. Бұл жұмысқа кірісеміз.

Облыс әкімі балаларға арналған демалыс орнын салу мәселесін жақын арада шешуге уәде берді. Ауданда құны 370 миллион теңгелік сауықтыру лагері бой көтереді.

Авторлары: Азамат Қасым, Әсем Өтешова, Берік Жобалайұлы