Қазақстандықтар ескі вагондардан әзір құтылмайды

Болат жолда жүйткіген вагондардың 800-і ескі. Көбі 44 жылдан бері жүр. Ал күнделікті қатынайтын 700-вагонда желдеткіш жоқ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жалпы «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының паркінде 2 мың 215 вагон бар екен, оның 1 мың 429-ы ескі үлгіде. Бір тәуірі қазір жаңа стандарттар енгізілген. Вагон іші 3 сағат сайын тазартылады. Тексеріс те күшейіп, селсоқ тасымалдаушы компанияларға 32 млн теңге айыппұл салынған. Жаз уақытында қосымша 3 бағыт қосылады. Ең бастысы, биыл Алакөлге қатынайтын пойыздарда олқылықтар болмайды- дейді теміржолшлар. 

Жәнібек Тайжанов, «Жолаушылар тасымалы» АҚ басқарма төрағасы:

- Сұранысы жоғары Алакөл бағытына 11 пойыз қатынап жатыр. 5-еуі Алматыдан, қалғандары Нұр-Сұлтан мен Шығыс Қазақстан облысынан. Өткен жылдардағы сын-ескертпелерді қаперге ала отыра, биыл барлығын желдеткішпен қамтып, купе вагондарын көбейттік, Тальго пойыздарын қостық.