Президент: Киік – қазақ үшін киелі жануар

«Ұлтымыздың менталитетін ескере отырып, кәсіби тұрғыда қарау керек». Президент Қасым-Жомарт Тоқаев киіктердің санын реттеу мәселесіне қатысты осылай деді. Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында министрлікке ақбөкендерді аулаудан басқа амал қарастыруды тапсырды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Елдің батысын мекендейтін киіктердің саны жылдан-жылға ұлғайып, өрісі де кеңейіп келеді. Сахара кербездері бұрын Бөкей Ордасы, Жәнібек, Қазталов аудандарында жайылса, енді облыс орталығына жақын елді мекендерге де таяп қалған. Соңғы екі-үш жылда қуаңшылық салдарынан мал азығын жинай алмай әбігер болған шаруалар биыл да тығырыққа тірелеміз бе деп алаңдайды.

Бауыржан Сабанов, шаруа қожалығының басшысы:

– Халық қарсы емес киікке. Жәй санын азайту керек. Болды уақыты келді. Ауданда ақшаларымызды жұрттың бәрі кредитте отыр мал шаруашылығын көтереміз деп. Мал азығы жоқ, үлкен проблема бұл деген. 

Ресми мәлімет бойынша биыл Орал популяциясына жататын киіктердің саны 800 мыңнан асқан. Облыстағы төрт түліктің 70%-ке жуығы осы ақбөкендер көшіп-қонатын 6 ауданда. Шаруалар жайылым мен шабындықты сақтап қалу үшін күні-түні ашатұяқтыларды қуып әлек. Бұл тұста жергілікті сарапшылар мұндай келеңсіздікке әкімдіктерді кінәлап отыр. Айтуларынша, ауыл шаруашылығы жерлерін бөлу және күре жолдар салу кезінде жабайы жануарлар меграциясы ескерілмегенін айтады.

Нұрлыбек Рахман, сарапшы:

Фермерлердің бәрі өзен-көлдердің маңын мекендеген. Су іздеген киіктер амалсыздан сол жерге барады. Сондықтан жасанды суат мәселесі киікті көбейтпес бұрын шешілуі тиіс еді. Кезіндегі киіктердің мекені де шаруаларға ретсіз таратылған. Ал жоғарыдағы жауапты орындар бұдан хабарсыз. Ал сол жерді үлестіріп берген аудан әкімдіктері фермерлерді қолдап, бүкіл кінәні киікке аударып жатыр.

Бүгін Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент киік мәселесіне ерекше тоқталды. Ол Жайық өңіріндегі ақбөкендердің 10%-ін ату туралы ұсынысты құптамайтынын мәлімдеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті

Мұның бәрін қоғамдық талқылау деңгейіне жеткізудің қажеті қанша? Шынымен киік – қазақ үшін киелі жануар. 80 мың киікті табиғи ландшафттан шығару, яғни, қыру туралы ұсыныс айтылып жатыр. Әрине осы шараға да жүгінуіміз мүмкін екенін жоққа шығармаймын. Әйткенмен бұл – шарасыздықтың амалы ғой. Сарапшылармен кеңесіңіз. Өзге де әдістер бар көрінеді. Бұл мәселеге ұлтымыздың менталитетін ескере отырып, кәсіби тұрғыда қарау керек.

Табиғат жанашырлары да киіктерді аулайтын уақыт әлі келмегенін айтады. «Дала антилопасының санын әуелі кемінде 2-3 млн басқа дейін жеткізу қажет. Ал ол үшін тез арада кешенді шаралар жоспарына кірісу керек», – дейді олар.

Сәкен Ділдахмет, эколог:

Жағдайды реттеу үшін екі мәселені шешу керек. Алдымен ақбөкендерді түрлі індеттен сақтау мақсатында зерттеу жұмыстарын жүргізу керек. Әйтпесе, он шақты жыл бұрынғы киік қырғыны қайталануы мүмкін. Екіншіден, жабайы жануарлардың байырғы меграциясын қалпына келтіруіміз қажет. Ал ол үшін шаруалармен ортақ ымыраға келу керек. Киіктерді ату туралы ұсыныс тек біржақты қаралған.

Киіктердің келешегіне қатысты қоғамда пікірталас туындап келеді. Президент тапсырмасына сәйкес енді министрлік ұтымды әрі ортақ шешім қабылдауы тиіс.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Елдар Аюпов