Абай облысында ветеринарлар қанды қайда сақтарын білмей жүр

Шекаралық аймақтағы ауылдардағы ветеринарлық зертханалардың жағдайы көңіл көншітпей тұр. Абай облысының Үржар ауданы Мақаншы ауылындағы зертхана 30 жыл бойы жөндеу көрмеген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал осы елді мекендегі мал дәрігерлік пункті ауыл әкімдігінің ғимаратындағы тар бөлмеде орын тепкен. Ең сорақысы малдың қанын сақтайтын дені дұрыс тоңазытқыш жоқ. Жергілікті әкімдіктің бұған айтар өз уәжі бар. Мақаншы аймақтық ветеринарлық зертханасының ғимараты 1989 жылы салынған. Содан бері бірде-бір рет жөндеу көрмегендіктен нысанның тоз-тозы шыға бастаған. Екі жыл бұрын зертхана санитарлық талаптарға сай келмейді деген желеумен жабылудың аз-ақ алдында қалған. «Мақаншы мал шаруашылығы дамыған өңір. 154 мың бас төрт түлік бар. 11 ауылдық округ бар. Сондықтан бұл зертхана бізге аса қажет», – дейді ауыл тұрғындары.

Базарбай Сатай, ветеринария саласының ардагері:

– Бұл зертхана Мақаншыға аса қажет. Үржар алыс. Мақаншыдан 100 шақырым жерде Қытаймен шекарадағы Жарбұлақ, Ақшоқы деген ауылдар бар. Қан әкелудің өзі оңай емес. Енді зертхананы Үржарға апарса қиын болады. Қанша уақыт кетеді. Осындағы маман кадрлар үшін керек. Олар бізде зертхана бар деп талпынып жұмыс істейді.

Шекаралық аймақтағы елді мекендегі ветеринарлық пункттің кейпі осы. Мұндағы мал дәрігерлеріне ауылдық округ әкімдігінен шағын бөлме берілген. Бірақ ол жерде қанды сақтау мүмкін емес. Еріксіз ескі ғимаратқа әкеледі. Қысты күні төрт түліктің қанын үйдегі тоңазытқышта сақтауға тура келді. Қазір мал ауруы көп, бала-шағалары үшін алаңдаулы.

Замира Қасенова, Мақаншы ауылының мал дәрігері:

– Ол жерде кішкентай тоңазытқышта вакцина сақталып тұр. Қанды сақтау үшін лабароторияның ар жақ жанынан бір-екі бөлме берген болатын. Ветеринарлық пункт. Ол күрделі жөндеуді талап етеді. Қан сақтау орны дұрыс жағдайда емес. Апаттық жағдайда деп айтсақ та артық болмайды.

Жергілікті әкімдік бұл мәселеден хабардар. Зертхана жақында Мақаншы ауылдық округінің қарамағына берілген. Үржар ауданы әкімінің орынбасарының айтуынша, ескі ғимаратты күрделі жөндеуден өткізу үшін жобалық-сметалық құжат әзірленіп жатыр. Бірақ толық аяқталмаған.

Дидар Хамитов, Үржар ауданы әкімінің орынбасары:

15 миллион теңге қаражат қажет деп айтып отыр алдын ала. Қаражат бөлінсе, жөндеу жұмыстарын жүргіземіз. Әрі қарай штаттық режимде жұмысын атқарады. Жауып тастамақ ойымыз жоқ. Тек СЭС-тің талабы бойынша жөндеу жасау қажет.

Ветеринарлық зертхана мен пункттер тек Абай облысында ғана емес, еліміздегі өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Бұл проблема жақында Өскеменде Парламент сенатының аграрлық мәселелер жөніндегі комитетінің көшпелі отырысында да талқыланған болатын. Шығыс Қазақстан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының ақпаратына сүйенсек, өңірдегі ветеринарлық пункттердің 50 пайызға жуығы ескірген. Ауыл шаруашылығы министрлігінің ветеринарлық қадағалау және бақылау комитетінің мәліметінше, республика бойынша 192 ветеринарлық зертхана бар. Соның 40 пайызға жуығына жөндеу қажет. Елдегі 205 ветеринарлық станцияның 124-інің өз ғимараты бар, қалғаны басқа нысандар мен мемлекеттік мекемелерде орналасқан. Ал 2287 ветеринарлық пункттің тек 596-сының өз ғимараты болса, 1189-ы әкімдікті паналауға мәжбүр.

Авторлары: Азамат Қасым, Медет Өмірханов