Ақмола облысында еңбегі ерен теміржолшы тұрады

Марина Зубрицкая темір жол саласында қызмет етуге 19 жасында келген екен. Қазіргі еңбек өтілі 32 жыл. Өрімдей жас қыз бұл саладағы барлық сатыдан өтіп, бүгінде жол шебері маманы болып еңбек етіп келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өмірінің 32 жылын темір жол саласына арнады. Марина Зубрицкая ер азаматтармен иық тіресе отырып, ауыр да жауапты кәсіпті осы күнге дейін абыроймен атқарып келеді. Еңбегі еленіп, «Темір жол саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталған

Марина Зубрицкая, Ерейментау жол дистанциясының шебері:

– Мен 28 шақырымдық шойын жолға жауаптымын. Қарамағымда 11 адам жұмыс істейді. Барлығымыз темір жолдағы пойыздардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеміз. Қазір жазғы мезгілде жұмыс күніміз таңғы сағат алтыдан басталады. 28 шақырымдық жолдың барлығын жіті тексеріп отырамыз. Себебі қауіпсіздік бірінші орында тұруы қажет.

Марина Зубрицкаяның әкесі кезінде 25 жыл темір жол саласында еңбек еткен. Әке ісін жалғастырған білікті маман көлік және байланыс қызметкерлерінің күні қарсаңында «Құрметті теміржолшы» атағын иеленді. Жалпы ардагерлердің айтуынша, бүгінде ауыр да қызықты салаға жастар тарапынан қызығушылық аз. Ісімізді жалғастыратын өскелең ұрпақ жоқтың қасы дейді.

Зуфар Бурханшин, Ерейментау жол дистанциясының учаске бастығы:

– Ұжымымыздағы жұмыскерлердің жасы негізінен 50-ден асып кеткен. Әрине қатарымызда жастарды көргіміз келеді. Бірақ олар теміржолға бармайды. Өйткені біз атқаратын іс ауыр болып саналады. Жұмысымыз таңғы алтыдан басталады. Ол үшін 5-те тұру керек. Ал жастар ұйықтағанды ұнатады ғой. Бұл жұмыстың арқасында мен 5 баламды аяққа тұрғыздым. Оның төртеуі темір жол саласында еңбек етеді. Қазір біздегі ең төменгі жалақы 180 мың теңгенің төңірегінде. Бірақ маман жоқ.

Жалпы Ерейментау жол дистанциясы 2021 жылы құрылған. Бұған дейін бұл бөлік Екібастұз жол дистанциясының құрамында болыпты. Қазір бұл мамандардың қарамағына 647 шақырым шойын жол кіреді. Яғни елордадан бастап Шідерті станциясына дейінгі бөлікте пойыздардың еш кедергісіз жүйіткуіне осы жандар жауапты.

Бердіхан Ерғазыұлы, Ерейментау жол дистанциясының бастығы:

– Қауіпсіздік деңгейі орташа бағада бізде. Бүгінгі таңда 2021 жылы 19 шақырым күрделі жұмыстар өтті. Жаңа жолға ауыстырдық мына ЕркіншілікСарыоба жолында. Биыл 2022 ЕркіншілікСарыоба, ЕркіншілікЕдіге, ЕрейментауҚоржынкөл жолдарында 33 шақырым күрделі жұмыстары басталды. Және ЕңбекшілдерАйсары деген бағытта 22 шақырым басталды.

Жалпы бүгінде Ерейментау жол дистанциясы арқылы өткен пойыздардың қауіпсіздігіне 367 адам жауап береді. Ауыр да жауапты қызметтегі мамандардың еңбегі әрқашан да жоғары бағаға лайық.

Авторлары: Риат Шони, Аят Дүйсембаев