Отандық зертханалар ескірді

Еліміздегі зертханалардың  3 проценті ғана халықаралық стандарттарға сай келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ұлттық аккредиттеу орталығы өкілдерінің мәлімдеуінше отандық лабораториялардың басым бөлігі ескі техникамен жабдықталған. Кейбіреулері тіпті жалған құжат арқылы жұмыс істеп жатыр. Биыл өткен тексеріс қорытындысы бойынша олардың 10-ы аккредитациядан өтпей қалды. Қазір осы субъектілерге қатысты талаптарды күшейту қажет болып тұр. Бұл мекемелер заман талабына сай технологиялар енгізіп, зерттеу нәтижелерін жақсартуға міндетті. Айта кетерлігі, аталмыш лабораториялардың басым бөлігі импортқа жіберілетін азық-түлік өнімдерін сертификаттайды.

Алмат Орынғалиұлы, «Ұлттық аккредиттеу орталығы» ШЖҚ РМК департамент басшысы:

- Жалған құжатпен жұмыс істеп жатқан зертханалар сертификаттаған өнім нарықта көп. Оның көбі шетелге сатылады. Қазір біз заң аясында осы мекемелерді анықтап, оларды жауапқа тарпақпыз. Олар сатылып кеткен өнімді нарықтан қайтаруға тиіс. Мәселен, бір сертификат бойынша азық-түліктің 100-150 түрі саудаланып жатыр. Оған жол бере алмаймыз. Өйткені сапасыз өнім Қазақстанның шетелдегі имиджіне кері әсерін тигізеді.