«Алтынемел» табиғи паркінде аң мен құс көбейді

«Алтынемел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркіндегі фототұзақтар 12 қар барысын түсіріп алған. «Барыс жылында таудан етекке құлап, елді таң-тамаша қылған жабайы жыртқышқа қарғыбау тағылып, бостандыққа жіберілген еді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір оның мойнындағы құрылғы еш белгі бермейді. Соған қарағанда ол Қытай асып кеткен болуы мүмкін», - дейді мамандар. Ал «Алтынемелдегі» арқарлар саны 200 басқа жуықтаған.

Жанат Несіпбай «Алтынемел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде күзет бөлімінің басшысы болып қызмет атқарады. Қарамағында 79 инспекторы бар. Олар 4 орманшылыққа бөлінген. Бір айта кетерлігі, бұрынғыдай емес, мұндағы браконьерлік сап тыйылған. Себебі заң қатал, ал, айыппұл көлемі өте үлкен. Тұрғындар ерекше қорғалатын аймақтан аң атып, опық жегенше, қойын құрттап, айранын ұрттап, тып-тыныш күн кешкенді қалайды. Соның арқасында қазір қарақұйрық пен түркімен құландары Басши ауылының тап іргесінде емін-еркін жайылып жүр.

Жанат Несіпбай, «Алтынемел» МҰТП» күзет бөлімінің басшысы:

- Біз күзетіп жатырмыз. Браконьерства дегенді ауыздықтап тастағанбыз. Ондай жоқ деп те айтуға болады уже. Бастаулардың, суаттардың көзін ашамыз. Аңдарға уақытылы тұзын шашып тұрамыз. Қыстың уақытында құстарға жем шашамыз. Қар жамылғысы қалың болған уақытта мына қызыл кітапқа енген даладағы аңдарға шөп шашамыз.

Ұлттық табиғи парк аумағында үш туристік бағыт бекітілген. Биылдың өзінде мұнда 10 мыңнан астам саяхатшы келіп кетті. Олардан мекеме бюджетіне 10 миллион теңгедей қаржы түскен. «Алтынемелдегі» туристік маусым қыркүйек, қазан айларында қыза бастайды. Демалушылар негізінен жабайы аң-құстарды тамашалап, Ақтау таулары мен Айғайқұмды, Шоқан бастауын, 800 жылдық әулиеағаш пен Бесшатыр қорғандарын көру үшін келеді.

Тимур Дүйсекеев, демалушы:

- Биыл біз Павлодар, Семей, Алакөл, Шарын шатқалын, Көлсай көлді көрдік. Қазір біз «Алтынемел» ұлттық парктамыз. СКЛ. Менің ойымша инфрақұрылым өте жақсы.

Ғалым Ахметбек, «Алтынемел» МҰТП бас директорының орынбасары:

- Қазіргі жағдайда инфрақұрылымды дамыту бойынша жол мәселесін осы ұлттық қорықтың өзі тиянақты бақылауда. Жол қыртыстарын түзеп, әр туристік бағыттардың басында жаңағы отыратын орындықтар және жол көрсеткіштері. Әжетханалар орнатылып, тазалығы бақылануда. Ең үлкен мәселе қазір қоқыс болғандықтан, қоқыс өте қатаң қадағалауда.

Қандай да бір туристік нысанға демалушыларды көптеп тарту үшін ең алдымен жол қатынасын жақсарту жайы маңызды роль атқарады. Еркеше қорғалатын аймақтағы тазалық мәселесіне де баса мән беріледі. Қазір «Алтынемел» асуының жолы жөнделіп жатыр. «Бір өкініштісі, әзірге отандық туристердің тазалық сақтау мәдениеті өте төмен. Ұлттық табиғи парк аумағын көлікпен, мототехникамен аралап жүріп, қоқыстан тазартуға мәжбүрміз. Оған біршама уақыт кетеді. Отандық туристерді әсем табиғатты ластамай, қайта оны тазалықтың жоғары мәдениетін қалыптастыру арқылы көзіміздің қарашығындай сақтауға шақырамыз», - дейді «Алтынемел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің басшылығы.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Қуаныш Түргенбаев

 

 

Сондай-ақ...