Ақтөбені қою түтін басты

Ақтөбені бірнеше күннен бері қою тұман тұмшалап тұр. Шаһар іргесіндегі қоқыс полигоны өртеніп, қаланы түтін басып қалады. Әсіресе түнде тыныс алу қиындай түседі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алексей Сырбов тұрғындарды өндіріс орындарымен қатар қоқыс полигонының да улап жатқанына сенімді. Себебі телефонға орнатылған қосымшамен күнделікті бақылап отырады. Мәселен, Есет батыр мен Ағайынды Жұбановтар, Бейбітшілік сияқты көшелерде күкірт қышқылының мөлшері рұқсат етілген межеден 100 есе асқандығын да байқаған. Қаланы қою түтін басқан кезде ауа құрамындағы азот диоксиді де шектен тыс көбейеді. 

Алексей Сырбов, қала тұрғыны:

Кәдімгі пластикалық бөтелкені өртеп, соның бықсыған иісін иіскеп тұрсаңыз бізді түсінесіз. Күндегі кейпіміз сол. Қазгидромедтің ауа құрамындағы зиянды газ мөлшерін өлшейтін арнайы қосымша бар. Түн ортасында оянып соған көз салам да есік терезені қымтай түсем. Таза ауа кірмеген соң ұйқымыз да қашты.

Тынысты тарылтып, тамақты қыратын иіс, әсіресе, «Тұрғындар қалашығы» мен «Шанхай», «Оңтүстік-Батыс» пен «Батыс-2» аудандарында қатты сезіледі. Көшеде ұзақ жүріп қалғандардың басы айналып, денсаулығы сыр беруде. Жыл басынан бері мұндай жағдай бірнеше рет қайталанып отыр.

Данарбек Иманғазин, қалалық ТЖБ бөлім басшысы:

– Жыл басынан төтенше жағдайлар департаментіне қоқыс полигоны жану туралы 10 хабарлама келіп түсті. Жану нәтижесі бойынша табыс Ақтөбе қызмет көрсету компаниясына 410 бабы, 2-бөлігі бойынша 10 рет әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Тілсіз жаумен күресіп жүргендер қоқысты сөндіру оңай емес дейді. Жалын 500 шаршы метрге жеткенімен шымтезек сияқты қат-қабат болған қалдықтар бықсып жата береді. Сондықтан қоршаған орта мен адам ағзасына келген зиянды экологтар тексермекші. 

Талап Уснадин, облыстық экология департаменті басшысының м. а:

– Қазір біз төтенше жағдайлар департаментіне сұраныс жолдап, тиісті құжаттарды алдырып жатырмыз. Деректердің барлығын комитетке жолдап, қорытынды жасалған соң құзырлы органдармен бірігіп қоқыс полигонының иесі «Табыс – Ақтөбе» серіктестігін тексеретін боламыз.

Қалалық полигонға жылына 140 мың тонна қоқыс шығарылады. Қазір аузы-мұрнына дейін толып, төгетін орын қалмаған. Сондықтан жанынан қосымша шұқырлар дайындалып жатыр. Аумағы 18 гектардан астам жер әзірленіп, бұған дейін тау болып үйілген қалдықтар топырақпен көміледі.

Жомарт Бақыткелді, қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі:

– Қазіргі таңда барлық 18 картаның барлығы орналастырылды. Барлық көму, қазба жұмыстары жүргізілді. Одан әрі көгалдандыру және қоршау жұмыстары қалды. Оның барлығын жақын арада аяқтап, іске қосамыз деген жоспар бар.

Қоқысты сұрыптап, шикізат ретінде пайдаға асатынын қайта өңдеуге жіберу де көзделген. Бұл полигонды қолдану мерзімін арттыруға мүмкіндік береді. Мәселені шешудің бұл әдісін эко-белсенділер де ұсынып отыр. Бірақ ерекшелігі тұрмыстық қалдықты сұрыптау, яғни, экологиялық әдепті отбасы-ошақ қасынан бастау керек дейді.

Айман Сексенова, қала тұрғыны:

Біздің полигонда азық-түлік қалдықтары мен қауіпті заттар, өзге де қоқыс аралас төгіледі. Батареялар мен түрлі приборлар, құрамында сынап бар бұйымдарды да ойланбай тастай саланды. Ауа температурасы 30 градустан асқан кезде өрттің шығатыны айдан анық. Сондықтан тұрмыстық қалдықтарды сұрыптап, қайта өңдеуге болатынын шикізат ретінде тапсыру керек. 

Мәселенің шешімі – қалдықтарды өндеу зауытын ашу, энергия өндіру. Жергілікті билік инвесторға қолдау көрсетуге де әзір. Тіпті жекеменшік және мемлекеттік әріптестігі аясында жүзеге асыруға да болады. Бірақ әзірге бұл жобаға қызығушылық танытып, қолға алам деушілер табылмай отыр.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков