Шымкентте азық-түлік бағасы бақылауда

Бұл Шымкенттегі тұрақтандыру қорына қарасты ең ірі қойманың бірі. Мұнда сауда сөрелеріне шығарылатын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бір айлық қоры бар.

Нарықтағы бағадан  10% -ке төмендетілген тауарлар осы жерден тасмалданады.

Қайрат Базарбеков, қалалық Ауылшаруашылығы және ветеринария басқармасы басшысының орынбасары:

- Жалпы алаңы 3 мың  шаршы метрге жуық. Сонымен қатар 2 мың тоннадан астам азық-түлік тауарларының сақтау мүмкіндігі қарастырылған. Осы тарату орталығынан күнделікті сауда желілеріне босатылып отырады.

Қала аумағында әлеуметтік маңызы бар тауар түрін саудалайтын алпыс шақты ірі сауда желісі бар. Жыл соңына дейін дәл осындай сауда нүктесі тағы екі есеге көбейеді.  Өйткені мамандар өндірушіден тікелей тұтынушыға жеткізудің тиімділігі бағаны тұрақтандыруға септігін тигізеді  деп отыр.

Жұмагүл Әшірбаева, қала тұрғыны:

- Бүгін картоп, пияз, сәбіз, құмшекер алдық. Жақсы өте жақсы. Әлеуметтіктен де алдық, сөреден де алдық. Бағасы көңілімізге қонды.

Биыл тұрақтандыру қорын қалыптастыруға бюджеттен 2 миллиард теңге бөлінді. Бұл сома тек сауда желісін ашқандарға ғана емес тауар өндіруші кәсіпкерлерді де қаржылай қолдауға бағытталған.

Меруерт Бердібаева, Сауда бөлімінің бас маманы:

- Өзіміздің тарату складымыз бар. Сол жақта үш-төрт тоннаға дейін күнде таратамыз. Әлеуметтік маңызы бар тауарларға біз көңіл бөлеміз көбінесе. Өйткені халықтың сұранысына қараймыз.

Салаға жауаптылар жақын арада ет пен ұн, макарон мен нан сияқты 19 әлеуметтік тауар түрі қымбаттамайтынын айтады. Ал өнім сапасына салғырт қараған дүкен иелері мониторинг топтарының бақылауында болады. 

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы