Астанада «KIDS EXPO. Балалар әлемі» көрме-жәрмеңкесі өтіп жатыр

Елордадағы EXPO халықаралық көрме орталығының алаңында «KIDS EXPO. Балалар әлемі» көрме-жәрмеңкесі өтіп жатыр. Онда 100-ге жуық кәсіпкер өз тауарларын ұсынған.

Мәселен, арзан бағада мектепке қажетті құрал-жабықтар мен киім-кешектер сатып алуға болады. Сонымен қатар шара барысында білім беру мекемелерінің педагог-психологтары үшін панельдік сессиялар, түрлі кітап таныстыру және тренингтер де ұйымдастырылған. Айта кетерлігі, балалар жылына арналған жәрмеңке 21 тамызға дейін жалғасады.

Баланы мектепке дайындау оңай шаруа емес. Оқушының қамына кіріскен ата-аналар "KIDS EXPO. Балалар әлемі" көрме-жәрмеңкесіне барып, мәре-сәре болып жатыр. Себебі мұнда тауар арзан. Мәселен, бір дәптер - 45 теңге болса, күнделік 350 теңге. Ал костюм 5 мың теңге шамасында.  

Нұргүл Алипинова, "Qazexpocongress" ҰК" АҚ өкілі:

 - Бұл жерде 17 жасқа дейінгі балалар, керекті затты таба алады. Тауар өндірушілер мен кәсіпкерлерге қойылатын бірінші талап - бағалардың төмен болуы. Нұр-Сұлтанның кәсіпкерлері мен отандық өндірушілер көрсетілген. Ашылу күні 10 мыңнан аса адам келді.

Жәрмеңкеге Нұр-Сұлтан мен Алматы қалалары, Алматы, Солтүстік Қазақстан, Жезқазған, Қарағанды мен Павлодар өңірлерінен келген кәсіпкерлер қатысып жатыр. Енді жәрмеңкені жыл сайын өткізу ойда бар, дейді ұйымдастырушылар. Яғни шара дәстүрге айналмақшы. 

Динара Бексұлтанова, "Фортуна" тігін фабрикасының директоры:

- Бүгінде жәрмеңкеде сатылым жақсы жүріп жатыр. Тауарларды әкеліп үлгермей жатырмыз. Кеше ер балаларға арналған киімдерді сатып алушылар көп болды. Біз мектеп формасы мен күртеше сатамыз. Әрине барлығы отандық өнім. Сапасы жоғары, ал бағасы тиімді.

"KIDS EXPO. Балалар әлемі" көрме-жәрмеңкесі аясында 82 іс-шара өткізіледі. Атап айтар болсақ, дерексіз кескіндеме, ұлттық ойындар, яғни асық ату, тоғызқұмалақ бойынша шеберлік сыныптары ұйымдастырылып жатыр. Одан бөлек балаларға арналған шахмат, баскетбол, компьютерлік ойындар мен сурет салу алаңдары бар.

Наргиз Бекмағанбетова, Аят Дүйсембаев