Ақмола облысында егін орағы аяқталуға жақын

Ақмола облысының диқандары биыл 5 млн тоннадан астам астық жинаудан үмітті. Себебі егін бітік шыққан, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір орақ науқаны аяқталуға жақын. Сала мамандары бидай 5-6 күннің ішінде қамбаға толық құйылады. Бұл – Зеренді ауданына қарасты Еленовка ауылының жанында егін шаруашылығымен айналысатын серіктестіктердің бірінің егістік алқабы. Ұжым биыл 3200 гектар жерге бидай еккен болатын. Қазір оның басым бөлігі жиналды. Ол үшін 4 бірдей заманауи комбайн таңнан кешке дейін тынбай жұмыс істеп жүр. Себебі күн райының қолайлы сәтін пайдаланып қалу қажет. Ал астықтың өнімділігі болса, көңіл қуантады.

Олег Чернецкий, серіктестіктің басқарушысы:

– Өткен жылдары біз гектарына 7, 8, 10, әрі кетсе, 12 центнер өнім алатынбыз. Ал, биыл 17 центнерден асады. Мұның бәрі ауа райына байланысты. Бұйыртса 2-3 күнде егін орағын аяқтаймыз.

Ал жиналған өнім бірден қамбаға құйылады. Жалпы аймақ диқандары осы жылы 4 млн 600 мың гектар жерге астық дақылын екті. Бүгінде оның 80 проценттен астамы орылды. Ал облыс бойынша орташа түсім 11 центнерге жуықтайды. Бұл көрсеткіш алдағы уақытта көтерілуі мүмкін. Себебі шығымы өте жақсы егістік алқаптарына орақ енді ғана түскен. Осының бәрін ескерсек, биыл аймақ диқандары 5 млн 200 мың тоннаға дейін өнім жинауы мүмкін.

 Еркеш Әленов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

– Бидай қабылдау пункттері, элеваторлар дейміз, олар 70 шақты бізде бар. Оның бәрі қазіргі егінді қабылдап жатыр. Лицензиялары бар, дайын. Қазір 1 млн 300 мың тонна егін қабылданды. Сапасына келсек, 98 пайызы оның 3 кластық. Клейковинасы 28 процент боп тұр қазір. Биылғы жылы өте жақсы.

Егін орағына облыс бойынша бас-аяғы 8700 комбайн жұмылдырылған. Ал олардың жартысына жуығы жаңа. Астықты еш қиындықсыз қамбаға құю үшін Үкіметтен 83 мың тонна арзандатылған жанармай да бөлініпті. Қыркүйектің басында басталған орақ науқаны бұйыртса апта соңында аяқталады.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Виктор Полянный