Мұнайдан түскен табыс халық игілігіне жұмсала ма – Атырау облысы

Атырау облысында «Теңіз» кен алаңынан мұнай өндіріп жатқан алып кәсіпорынның пайдасы мен қатар қоршаған ортаға зардабы да орасан. Кеніш іске қосылған кейінгі 30 жылда ауаға 2 млн тоннаға жуық зиянды қалдық шыққан, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл көрсеткіш облыс халқының жан басына шаққанда, әр адамға 100 келіден келеді. Енді кен алаңында қолға алынған «Келешектің кеңеюі» жобасы іске қосылса, зиянды қалдықтар көлемі 1,6 есеге артады. Мұның соңында экологияға зиян келіп, тұрғындар аурушаң болып қалмай ма деген күдік басым. Осыған орай, мұнайлы өңірдің табиғат жанашырлары мен Жылыой ауданы тұрғындары құзырлы органдарға қарар дайындады. Онда мұнай өндіруші компанияның жылдық таза пайдасының 1 пайызын жергілікті тұрғындардың денсаулығы мен әлеуметтік мәселелерін шешуге жұмсау жайы айтылған.

Арман Хайруллин, қоғамдық қордың төрағасы:

Мен бұл мәселемен экология министрімен де жекелей сөйлестім. Энергетика министрімен де жекелей сөйлестім. Ол азаматтар біздің ойымызды қолдап отыр. Әрине шешімді қабылдайтын инвесторлар, акционерлер тарабы. Бірақ халықтың тегеурінді бір жерден шыққан пікірі болса, онымен санасады деп есептейміз. Өйткені биыл түскен 25 млн доллар егер де бір процентке байланатын болса, бірнеше жылда 150 млн долларға дейін өсуі мүмкін. Бұл өңірдің барлық пробелмаларын бірнеше жылда шешуге мүмкіндік береді деп есептейміз.