Жеті миллиард теңгеге салынған ет комбинаты банкротқа ұшырай ма – Қостанай облысы

Ауылдағы ағайын малын пұлдай алмай әлек. Өйткені алушылар арзан баға ұсынады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал қала жұрты ет удай қымбат дейді. Осы ауылдан арзанға алып, қалаға екі есе бағамен сатылып жатқан еттен пайда жоқ па? Қостанай облысында мемлекеттік субсидиядан қағылған ірі ет комбинаты банкротқа ұшырауы мүмкін. Кәсіпорын жергілікті инвесторлардың көмегімен биыл ғана ашылған еді. Құрылысына жеті миллиард теңгедей жұмсалған. Қазір комбинаттың 30 пайызы ғана жұмыс істеп тұр.

Бастапқыда комбинат тәулігіне 1500 бас ірі қара мал етін өңдеуі тиіс еді. Жұмысқа екі жүздей адам қабылданып, шаруалардан жаппай ет сатып алына бастады. Тіпті сиыр етінің әр келісіне 175 теңге субсидия алып отырды. Бірақ биыл министрлік шешімімен мемлекеттік қолдау тоқтады.

Николай Рожко, ет комбинатының директоры:

– Субсидияның тоқтауымен банкротқа ұшырауымыз әбден мүмкін. Қостанай облысында комбинатқа қажет шикізаттың тек 40 процентін алуға болады. Қалғанын көрші аймақтардан тасымалдап жүрміз. Субсидия өзге өңірлерден ірі қара сатып алуға көп көмегін тигізіп келді.

Жоғары технологиялы ет өндеу кешені 7,2 млрд теңгеге салынған. Аяғына енді нық тұра бастағанда сүйек ұны мен консервіленген өнім шығаруды көздеді.   

Бақытжан Жұмин, технолог:

Комбинатты кеңейтіп, қалдықсыз өндіріске көшу жоспарымыз бар. Қазір осында 200 адам жұмыспен қамтылған. Өнім көлемін арттырсақ, тағы 50 жұмысшыны қабылдауға дайынбыз.

Бірақ жоспар сөз жүзінде қалатын сияқты. Өндіріс ауқымын кеңейту былай тұрсын, осындағы 200 адамның жұмыссыз қалуы ғажап емес.  

Саят Жүсіпбеков, кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары:

– Заң бойынша 175 теңге субсидия тәулігіне 1500 бас сиыр етін өндейтін ет комбинатына берілуі тиіс. Ауыл шаруашылығы министрлігі елімізде мұндай кәсіпорын жоқ деген ұйғарым жасап, субсидияның осы түрін тоқтатпақшы. Енді бізге Қостанай облысында осындай ірі комбинат бар екенін дәлелдеу қажет.

Қазір кәсіпкерлер палатасы комбинатты сақтап қалу жолын қарастырып жатыр. Мәселе тез арада шешімін таппаса, онда құны 7 млрд теңгеден асатын инвестициялық жобаның әрі қарай дамуы екіталай.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров