Ерлі-зайыптылар арақатынасын түзей алмай жүргенде бала тәрбиесі ақсайды – Психолог

Елде үйленген 3 жұптың біреуі айырылысып кетеді. Алматыда өткен ІІ Халықаралық БөпеForum-да осы мәселе сөз болды.

Отбасы іргесінің сөгілуіне жастардың жауапкершілігінің аздығы, асығыс шешім қабылдауы себеп, дейді сарапшылар. Ортақ түсінік таппаған отбасында бала тәрбиесі де ақсап жатады. Сондықтан мұндай мәселелерге сергек қарауды үйрететін алаң қажет. Биыл екінші рет ұйымдастырылған форумға қатысушылар отбасылық құндылықтарды нығайту, жанұядағы қарым-қатынас мәдениеті және әлеуметтік мәселелерді шешу, сондай-ақ отбасындағы әкенің рөлі тақырыбында ой бөлісті.

Жасұлан Сейтқалиев, отбасылық психолог:

- Ерлі-зайыптылардың бір-бірімен қарым-қатынасы түзей алмай жүрген кезде бала тәрбиесі кейінге шегеріліп қалады көбінесе. Сондықтан бақытты бала қайдан келеді? Ерлі-зайыптылар өздерін бақытты сезініп жүрген кезде. Мыңнан аса жұптарды отбасыларды сақтап қалдық. Шүкір себепкерлігімізбен. Ерлі-зайыптылардың қарым-қатынасы саналы түрде бір бірлерімен екі жаққа тартып емес, серіктес ретінде ынтымақтастықта бір қадам жасаған кезде берекелі болады деп ойлаймын.

Айнұр Ильясова, актриса, тележүргізуші, "Бөпе" қорының негізін қалаушы:

- Басты мақсаты әрине ата-аналарға ақыл-кеңес беретін алаң жасау. 2020 жылдан бері бізде жақсы бебибум болды. Туу көрсеткіші өсіп, 3 есеге көтерілді. Бірақ әлі де қосылған адамдар айрылысып жатыр. Неге? Біздер ата-ана болуды үйренбейміз? Ал ондай алаң жоқ. Бұндай алаңды популизировать етуіміз керек.